Қостанайда жедел жәрдем дәрігерлері мен төтеншеліктер дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда жедел жәрдем дәрігерлері мен төтеншеліктер дауыс берді

20.11.2022

Ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін жандарға сайлау учаскесіне барып таңдау жасауға еш кедергі жоқ. Бүгін жұртшылықтың амандығы мен тыныштығын күзетіп кезекшілікте жүрген жедел жәрдем дәрігерлері мен төтенше жағдай қызметкерлері де дауыс берді. Кәсіби міндеті мен азаматтық парызына адал жандар жайлы Дәуренбек Әбдібектің рептортажы.

Жедел жәрдем кезекті шақырылымға шықты. Дәрігер Олжас Болатовтың осында қызмет еткеніне биыл екі жыл. Осы уақыт ішінде ондаған адамға көмек көрсетті, қауіптің алдын алып, тіпті кей жағдайда ажалдан аман қалуына себеп болды. Ол бүгін күндізгі кезекшілікте. Арасында уақыт тауып дауыс берді.

Олжас Болатов, жедел жәрдем дәрігері:
Сайлауға ылғи қатысамын. Өйткені азматтық борышымды орындауға тиіспін. Осы жаңа сайланатын Президент елімізге, азаматтарға адал қызмет етеді деп сенемін.

Ал фелдьшер Қадиша Қаленова жедел жәрдем бригадасы құрамында бүгін түнгі кезекшілікке түседі. Сондықтан ол жұмысқа барар алдында сайлау учаскесіне келіп таңдауын жасады.

Қадиша Қаленова, жедел жәрдем фельдшері:
Менің азаматтық жауапкершілігім отбасындағы тәрбиеден басталған. Осындай сайлау арқылы халық өз таңдауын, қалауын көрсетеді. Сондықтан бұдан қалыс қалуға мүлде болмайды.

Мұхамедәли Байғанов Тараз қаласындағы №2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Бүгін кезекшілікте. Әріптестерімен бірге құрал-саймандарын сайлап, дайындықты пысықтауда. Қым-қуыт қызметтің арасында Мұхамедәли басшылық рұқсатымен сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

Мұхамедәли Байғанов, өрт сөндіруші:
Бүгін 20 қараша 2022 жылы Қазақстан республикасында президенттік сайлау өтуде. Соған орай өзімнің конституциялық құқықтарым мен міндеттерімді орындай отырып, сайлау учаскесіне келіп дауыс бердім. Бүгінгі таңдауымыз ертеңгі жарқын болашағымыз.

Осылайша азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің күзетінде тұрғандар да өз таңдауын жасады. Себебі әлемнен тыныштық қашқан қазіргі кезеңде бағыт бағдарды айқындау аса маңызды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу