Билік өкілдері сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Билік өкілдері сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады

20.11.2022

Билік өкілдері де сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Ел тарихындағы айтулы күнде халықты да белсенді болуға шақырды. Өйткені, бұл саяси науқан - еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды, дейді.

Бүгінгі саяси науқан – еліміздің болашақ даму бағдарын анықтайды. Астанадағы нөмірі 111-ші сайлау учаскесінде балаларымен бірге дауыс берген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Оның айтуынша, осы Президент сайлауына ел тұрғындарымен бірге, халықаралық қауымдастық та ерекше ықылыс білдіріп отыр. Қарин алдағы уақытта қоғам күтіп отырған ауқымды саяси әрі әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асады деп есептейтінін жеткізді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Елімізге қазір 600-ден астам халықаралық байқаушылар келіп жатыр. Сонымен бірге мыңдаған отандық бақылаушылар қатысуда. Жаңа да көріп отырмын сайлау учаскесінде. Сонықтан бұл биылғы сайлау науқанындағы өте үлкен қоғамдық белсенділікті аңғартады.

Үкімет басшысы Әлихан Смаилов та кезектен тыс Президент сайлауында дауыс берді. Ол Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде таңдауын жасап, халықты саяси белсенді болуға шақырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Егер біз ары қарай Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін десек онда бәріміз азаматтық белсенділігімізді танытып, сайлау учаскесіне келіп, мемлекет басшысы лауазымына ең мықты кандидатқа дауыс беруіміз керек. Себебі биліктің қайнар көзі ол халық. Мен өз таңдауымды жасадым.

Сенат Төрағасы бүгін еліміздің алдағы жылдардағы даму бағдары айқындалатынын, сондықтан әр азаматтың сайлауға қатысуы маңызды екенін айтты. Қазір, сайлауды бақылау үшін елімізге әлемнің 35 елінен 600-ден астам халықаралық байқаушы және 10 халықаралық ұйымның өкілдері жүр. Сенат төрағасы сайлау барысы жөнінде Қазақстанда және шетелдерде ақпарат таратып, белсенділік танытқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс білдірді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сайлау – кез келген демократиялық жүйенің маңызды бөлігі. Азаматтар дауыс беру арқылы билікті қалыптастыру және мемлекетті басқаруға қатысу құқығын іске асырады. Сайлаудың ашық әрі әділ және ұлттық заңнамалар мен халықаралық стандарттардың нормаларына толық сай өтуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Еліміз үшін осындай тағдыршешті сәтте халқымыз жауапкершілікті сезініп, сайлауға белсенді қатысады деп сенеміз.

Ал, төменгі палатаның спикері Ерлан Қошанов жұбайымен бірге «Қазақстан темір жолы» ғимаратында орналасқан 110 - сайлау учаскесіне барып халықпен бірге дауыс берді. Бұл сайлау учаскесіне екі мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Таңғы сағат 7-де ашылған сайлау учаскесіндегі процесті 14 байқаушы бақылып отыр. Олардың үшеуі халықаралық ұйым атынан келген.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Әр сайлаудың өз ерекшелігі бар ғой, бұл сайлаудың мемлекетіміздің болашағы үшін орны ерекше.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу