Саяси науқан: Танымал тұлғалар да дауыс беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси науқан: Танымал тұлғалар да дауыс беріп жатыр

20.11.2022

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында халықтың белсенділігі жоғары. Қарапайым қазақстандықтармен қатар белгілі қоғам қайраткерлері де дауыс беріп жатыр. Танымал тұлғалар қай жерде таңдауын жасады?

11 мыңнан аса халқы бар Интернационалды тұрғын алабындағы учаскеге ғарышкер Тоқтар Әубәкіров отбасы, немерелерімен келіп, өз таңдауын жасады. Ал Алматыдағы №378-ші сайлау учаскесінде дауыс берген белгілі мемлекет қайраткері Ақылбек Күрішбаев, саяси маңызы зор шараға қатысу, жауапкершілік таныту – әрбір азаматтың құқығы әрі парызы дейді.

Тоқтар Әубәкіров, қоғам қайраткері:
Дұрыс, түзу мемлекет үшін, мынау балалардың болашағы болуы үшін, бәріміз келіп дауыс беруіміз керек.
Ақылбек Күрішбаев, мемлекет қайраткері:
Бұл шынында да өте тарихи күн. Мың өліп, мың тірілген қазақтың жаңа белеске шығып, дамыған елде тұрып, өмір сүріп, әділетті мемлекетте өмір сүретін уақыты келді. Сондықтан мен өз атымнан бүкіл отандастарымды, қазақ елін осы күнмен құттықтаймын.

Астанадағы сайлау учаскелерінде түске қарай маңызды таңдауын жасауға ағылған адам қарасы көбейе түсті. Солардың арасында халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар да жетерлік. Шорт-трекші Абзал Ажғалиев пен боксшы Серік Сәпиев дауыс беру арқылы азаматтық борышын өтегенін айтады.

Абзал Ажғалиев, шорт-трекші:
Осы таңғы жаттығуымның алдында, арнайы келіп, тұңғыш рет дауыс бердім. Кішкене қобалжу болды, бұрын қатысып көрмегесін, осы процесс қызық болды. Және барлықтарын дауыс беруге шақырамын. Өйткені, ол әрбір қазақстандық азаматтың борышы.
Серік Сәпиев, олимпиада чемпионы:
мен өзімнің азаматтық парызымды орындадым. Сайлаудан енді әділетті Қазақстан күтемін сондай-ақ халыққа әлеуметтік көмек берілуін күтемін. Бағдарламада кей кандидаттарда әлеуметтік көмек бар, жастарға арналған, басқа адамдарға арналған көмектері көп. Сондықтан мен жарқын болашақты күтемін.

Астанадағы №372 учаскеге экс-сенатор Әділ Ахметов пен Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров отбасымен бірге өз таңдауын жасауға келді. Ал №144 сайлау учаскісінде дауыс берген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева барша отандастарын саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.

Светлана Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Әрбір саналы азамат елдің ертеңі үшін, болашақ ұрпақтың қамы үшін міндетті түрде бүгін өз таңдауын жасауға келіп жатыр деп ойлаймын. Біз де осы күнді күттік. Үйдегі дауыс беруге жасы келетін жандардың бәрі таңертеңнен бері дауысымызды беріп жатырмыз.
Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ет жүрегі ел деп соққан әрбір азамат бүгінгі күні біздің ұлан-ғайыр Қазақстанымызда үйде жатпауы керек. Міндетті түрде дауыс беруі керек менің ұғымымда. Себебі, президент сайлауы бұл – Президент, болашақ Мемлекет басшысы – біздің конституциямыздың кепілі, біздің тәуелсіздігіміздің кепілі.

Байқаушылар бұл сайлауда халықтың белсенділігі жоғары екенін айтады. Учаскелерде патриоттық әндер қосылып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Азаматтар да өз таңдауын жасауға асық.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу