Ақмола облысы Аршалы ауданында мектептің жылу қазандығы жарылды. Оқыс оқиға салдарынан 3 адам зардап шекті. Олардың жағдайы қалай? Оқиға орнынан тілшіміз Аманкелді Сейтхан тікелей эфирде ақпарат беруге әзір. Амангелді, апаттан кейінгі қазіргі жағдай қалай?
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Аршалыдағы Жұмабек Ташенов атындағы мектептегі апат түскі 12:18-де болған. Жылыту қазандығы жарылып, мектеп ғимараты да бүлінген. Сол кезде мектепте сабақ өтіп жатқан, бірақ оқушылар мен мұғалімдер арасында зардап шеккендер жоқ. Дегенмен үш адам қазір ауруханада жатыр. Олар директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, электрик, пеш жағушы. Қазір екі азаматтың жағдайы орташа, ал, пеш жағушы ауыр жағдайда. Қазір қазандықты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда облыс әкімінің орынбасары да жүр.
Бұл мектепте қазір 395 бала оқиды. Олар уақытша қашықтан оқуға ауыстырылған. Ал, мектептің өзі 2010 жылы салынған. Яғни, жаңа мектеп. Сонымен қатар Үкімет отырысында Премьер-министр автономды қазандықтар мәселесіне тоқталды. Смайылов әкімдерге оларды тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардан қауіпсіз қашықтыққа тездетіп шығаруды тапсырды. Естеріңізде болса 2017 жылы Шахан қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі қазандық жарылып, үйдің бір бұрышы опырылып түскен еді. Салдарынан 9 адам мерт болды. Осы оқиғадан кейін елімізде 1140 қазандық қауіпсіз жерге шығарылды. Дегенмен әлі Алматы облысы, Ақмола мен Жетісу облыстарындағы 90 нысанда бұл мәселе шешілмеген.
Аманкелді Сейтхан