Қатар үкіметі Футболдан әлем чемпионаты кезінде 8 стадионда алкогольдік ішімдік сатуға тыйым салды. Тағы бір айта кететін жайт, қазір мұнда жаһандық турнирлерге дайындық аяқталып келеді. Болжамдарға қарағанда, алдағы бір айда бұл мемлекетке милллионнан астам адам баруы мүмкін. Сондықтан, Қатарда ұшақ рейстерінің де, пойыздардың да саны айтарлықтай көбейтіліп отыр.
Ұшақтар мен пойыздар саны көбейтілді
Бұл – Доханың Хамад халықаралық әуежайы. Онда әлем чемпионатына келген шетелдіктерді әнмен, бимен шығарып салатын жолаушылар зонасы ашылды. Жалпы алғанда, Араб түбегіндегі кішкентай ғана әмірліктің екі авиациялық терминалы дүниежүзілік футбол турнирлері кезінде күніне жүздеген рейс қабылдауға әзір отыр.
Бадр Мұхаммед Әл-Меер, Хамад әужайының басшысы:
Ұшақтардың санына келсек, біз Хамад және Доха халықаралық әуежайларында тәулігіне 900-ден астам рейс қабылдауды жоспарлап отырмыз.
Қатарда бұған дейін кептелістер өзекті мәселе еді. Чемпионат қарсаңында Доха ол проблемадан да құтылды. Өйткені, мұнда метро пойыздарының саны 75-тен 110-ға дейін көбейтілген. Олар күніне 21 сағат жүріп, әр 165 секунд сайын аялдамаларға тоқтап отырады.
Якуб Әли Шейх, Үндістан азаматы:
Ең маңыздысы уақыт қой. Бұрын өз көлігімізбен бір жерден екінші жерге жету үшін 1 сағат кететін. Қазір сол қашықтыққа метромен 10 минутта барамыз.
Қатарда шамамен 3 миллионға таяу адам тұрады. Соның 300 мыңы ғана –жергілікті азаматтар. Қалғандары – шетелдіктер. Ал, жаһандық матчтар барысында бұл елге 1,2 миллион адам барады. Оларға футбол тамашалаудан бөлек, түйеге міну, көлікпен шөлде жарысу тәрізді өзге де демалыс түрлері ұсынылмақ.
Арыстанбек Рысбек