Қарағанды облысында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы бүгін ресми түрде басталды. Ұзындығы 836 шақырым жаңа теміржол желісі экспортты ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетінің артуына ықпал етпек. Жаңа теміржолмен тасымал мүмкіндігі 5 есеге артады.
Стратегиялық жоба ел Президентінің тікелей тапсырмасымен қолға алынған. Алыс-беріс пен барыс-келісті жаңа деңгейге көтеретін бастама алдағы 3 жылда салынып бітуі тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді. Жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің 30 жылында былтыр тарихи рекорд орнап ҚТЖ арқылы тасымалданған жүк көлемі 240 млрд тонна км-ге жетті. Кейінгі 5 жылда транзиттік тасымал 4.4 есеге өсті.
Теміржол құрылысына 3 700 адам жұмылдырылады. Ал пайдалануға берілген соң 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Теміржол бойында 419 құрылыс нысаны сондай-ақ энергетика және байланыс нысандары салынбақ.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Бұл іске асыру, тапсырылған темір жол саласындағы аса ірі төрт инфрақұрылымдық жобаның алғашқысы. Осы құрылыс үшін қазақстандық зауыттардан 2 миллионға жуық шпал, 124 мың тонна рельс және электр жабдықтары сатып алынады.
Ел экономикасына оң серпін беретін транзиттік маңызы зор жобаның басталуы үлкен тарихи сәт, - дейді ардагер теміржолшылар.
Қалтай Сәмбетов, ҚР құрметті теміржолшысы:
Қазақстанның экономикасы дамиды. Бұл бірінші. Екіншіден теміржол бар жерде өндіріс орындары ашылады.
Теміржол пайдалануға берілген кезде тәулігіне жүретін пойыздар саны 12-ден 60-қа артады. Ең бастысы, құрылысқа қажетті материалдың барлығы отандық өндірушілерден алынады.
Руслан Нұрланұлы