Биыл «Достық-Мойынты» теміржол дәлізінің құрылысы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Достық-Мойынты» теміржол дәлізінің құрылысы басталады

27.05.2022

Бұл жоба Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік дәліз жылдамдығын бес есе арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Қазақстан теміржолы транзиттік саясатты табысты жүзеге асырып келеді. Бүгін компания өкілдері «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында 2021-2025 жылдарға арналған жоспарымен бөлісті.

Елдегі жүк айналымының жартысынан көбі теміржол көлігі арқылы жеткізіледі. Осы ретте транзиттік әлеуетті дамытуға басымдық берілуі тиіс. Сондай ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі - «Достық-Мойынты» теміржолы. Ұзындығы 900 шақырымға жуық. Құрылысы биыл басталады. Бұдан бөлек Ташкент торабындағы шектеулерді қысқартуға мүмкіндік беретін Дарбаза-Мақтаарал және Жетіген – Қазыбек Бек айналма темір жол желісін салу жоспарланып отыр.

Әнуар Ахметжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
Транзиттік мүмкіндікті кеңейту - ел экономикасын нығайтудың кепілі. Осы ретте біз транзиттік потенциалды жетілдіру үшін бірқатар жұмыстарды жүзеге асырамыз. Алдымен инфрақұрылымды өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, тасымал кезінде қағаз құжаттардың санын азайтып, теміржол жылдамдығын арттыруға барынша күш салмақпыз.

Транзиттік әлеуетті дамыту үшін - теміржол инфрақұрылымы мен вагондардың сапасы жоғары болуы тиіс. Осы орайда отандық кәсіпорындардың өнімі шетелден кем емес. Соңғы жылдары компания өзіміздің өндірушілерден 500-ге жуық локомотив, 3000 астам вагон мен платформа, 500 мың тоннаға жуық рельстер сатып алған. 2021 жылы компанияның қаржылық табысы 120 млрд, тарифтік жүк айналымы 233 млрд.тонно-шақырымнан асты.

Болат Жәмішов, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы:
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қатысты сауалдар – көпті қызықтыратыны анық. Тек жүк тасымал емес, жолаушыларға қызмет көрсетеді. Мыңдаған кәсіпорындармен тығыз байланысты. Бүгін біраз мәселе талқыға салынды. Ұсыныстарды талқылай отырып, өзектілерін «Самұрық-Қазына» холдингі деңгейінде көтереміз.

«Қазақстан темір жолының» табысы артқанымен, берешегі көп. 1,9 трлн теңгеден асады. Компанияның барлық мәселелерін шешу үшін, қаржылық жағдайды реттеуге кешенді шаралар қабылдау керек. Соның ішінде тарифтерді қайта қарау қажет. Ал тарифтік жүйе – бәсекелес нарық талаптарына сай емес. Жиында бәсекелі тетіктерді әзірлеу бойынша жүйелі шаралар енгізу қажеттігі айтылды. 

Раушан Сайлауқызы 

Хабарламаларға жазылу