Енді жасанды ұрықтандыру кезінде жатырға салынатын эмбрионды «жасанды интеллект» таңдап береді. «Эмбриоскоп» деп аталатын жаңа құрылғы ұрықтың сапалы яки сапасыз екенін анықтайды. Заманауи технология Қазақстанға жеткізілді.
Алматы, Астана мен Шымкент қалаларындағы 4 орталықта бар. Бүгін елордада өтіп жатқан «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері» атты жиында мамандар соңғы жетістіктермен бөлісті. Халықаралық конгреске 21 елден келген 500-ге тарта ғалым мен білікті маман жиналды.
Репродуктологтар «бедеуліктің салдарымен күресіп қана қоймай, алдын-алу амалдарын күшейту керек»,- дейді. Мәселен қазір шетелде генетикалық диагностика тәсілі кең таралған. Бұл технология біздің елге де енгізіле бастады. Ерекшелігі сол, жастар отбасын құрмай тұрып, қан тапсырып, денсаулығын тексерте алады.
Ал ұрықтың даму қабілетін бұған дейін эмбриолог маман анықтап келсе, енді жасанды интеллект таңдайды.
САЛТАНАТ БАЙҚОШҚАРОВА, РЕПРОДУКТОЛОГ:
Әрбір эмбрионды жаңағы жасанды интеллект 7 млн эмбрионның суретімен, видеосымен салыстырып, бізге қортынды береді. Эмбрионның даму сатысы болады. Бесінші, алтыншы, мынау эмбрионды салуға тұрады, мынаны болмайды. Мынау орта жолда дамуы тоқтап қалды деген қортынды береді.
Раушан Сайлауқызы