Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтіп жатыр

11.11.2022

Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент бұның еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат екенін айтты.

Қазір Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтіп жатыр. Жиынға қатысу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға кеше келген еді. Саммит алдында «Мәңгілік қала» кешеніндегі «Конгресс орталықта» Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды.

Саммитте сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көлік-логистика саласын дамытуға тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартатынын жеткізді. Түркітілдес халықтарды құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуға шақырды. Әсіресе шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек деді. Президенттің пікірінше, соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Сондықтан Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды. Ал Өзбекстан Президенті ұйымға мүше елдердің сауда-экономикалық байланысын арттыруға шақырды. Шавкат Мирзиёев Түркі экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Форум аясында әр мемлекет кәсіпкерлерінің пікір алмасуына мүмкіндік беріліп, инновациялық жобаларға жол ашу керегін айтты.


Хабарламаларға жазылу