Мемлекет басшысы түркі мемлекеттеріне цифрлық транспорттық жүйе құруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы түркі мемлекеттеріне цифрлық транспорттық жүйе құруды ұсынды

13.11.2022

Транскаспий халықаралық бағытына қайта оралайық. Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Тоқаев оның әлеуетіне тоқталды. Оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты жалғайтын бұл дәліздің мүмкіндіктерін кеңірек қолдану керек, - деді Қазақстан президенті. Түркі мемлекеттеріне жүк тасымалын жеңілдету үшін цифрлық транспорттық жүйе құруды ұсынды. Осылайша, құжат алмасуды жеделдетіп, халықаралық нарыққа шығудың балама бағыттарын дамыту көзделіп отыр. Өзбекстандағы жиында мемлекеттердің аумақтық тұтастығы міндетті түрде сақталуы тиіс екені тағы да айтылды. Ақерке Бектастың материалы. 

Ақерке Бектас, тілші:

Самарқандағы «Мәңгілік қала» Өзбекстанның мәдениеті мен дәстүрін бір кеңістікке тоғыстырғандай. Сан алуан өнер туындысы, шеберхана, тарихи жәдігерлер де осында. Идеясы сол. Осы арқылы қасиетті мекенге келетін туристерді көбейтпек ниетте. Бірақ Ұлы Жібек жолы бойында қанат жайған бұл қала биыл күзде бірқатар саяси маңызды басқосудың алаңына айналды. Қыркүйекте ғана Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары жүздескен. Бұл жолы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті.

Түркі халықтарын тарих пен мәдениеттен бөлек байланыстыратын ортақ құндылық көбейді. Бауырлас елдерді саясаттан сауда-саттыққа дейін алаңдатқан мәселе көп. Әсіресе қауіп мен мүмкіндік қатар келген қазіргі уақытта.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет.

Өйткені ұйымға мүше мемлекеттер батыс пен шығысты тікелей байланыстырып отыр. Оның үстіне санкция ықпалында тұрған барлық жүк соңғы жылдары Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы жол тапты. Қазақстан көлік-логистиканы дамытуға 15 жылда 35 млрд доллар қаржы бөлді. Енді 3 жылда тауар тасымалын арттыру арқылы 20 млрд доллар инвестиция тартпақ.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Қазіргі кезде халықаралық сауда-саттық тасымалының тұйықталуы бар. Стакфляция, стагнация мен инфляцияның қатар келуі экономикадағы. Осындай факторлар бар кезде біз Түркі мемлекеттерімен де, Орталық Азия елдерімен де, басқа одақ аясындағы елдермен де ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Ұйым болғанымен, әлі де кеден, транзит, тасымал саласында біздің заңнамадағы айырмашылықтар бар. Осы салада әлі де келісулер керек.

Сарапшының айтып отырғаны – кедендегі кедергі. Шекарамыз шектескен елдерде тауар тасып жүрген кәсіпкерлер кей жағдайда делдалдың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл бизнеске артық шығын. Тіпті тасымалдың уақытын тежейді. Қазақстан Президенті мәселені шешу үшін «Цифрлық көлік жүйесін» құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Бұдан бөлек, «Цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Ал Ердоған Түркі инвестиция қорын құру керек, - деді. Бұл бірлескен жобаларды тез іске асыруға мүмкіндік екенін айтады. Сонымен бірге ол Солтүстік Кипр Түрік Республикасын ұйымға бақылаушы ретінде шақыру туралы ұсыныс айтты.

Марат Аитов, Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Қазір бірнеше мемлекет ұйым мүшесі немесе бақылаушы ретінде келуге ниет білдіріп жүр. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымының саясат алаңында өзекті екенін көрсетті. Оның үстіне олар бұл ұйымның әрі қарай өркендейтініне сеніп отыр. Ұйымға мүше елдердің халық саны шамамен 170 млн. Демек, тараптар тек сауда-экономикалық бағытты ғана емес, терроризм, есірткі тасымалы, адам саудасы секілді маңызды мәселені шешуге талпынады.

Ердоғанның мәлімдемесінен соң Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді. Бұл – еліміздің негізгі мүддесіне толығымен сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан бұл қағидатқа басымдық ретінде баса назар аударамыз.

Мемлекет басшысы бұл мәлімдемені Солтүстік Кипр Түрік Республикасына Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесін беру туралы өтінішке орай жасаған. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі қағидатын дәйекті түрде ұстанады.

Түркі халқының байланысын бекемдейтін құрылым көп. Бірақ бұған дейін тек кеңес аталып келген алаңның ұйымға айналуы саяси салмағын арттырды деп есептейді сарапшылар.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бұл әртүрлі сатыдағы ынтымақтастық нығайып отыр. Тек ғана жиналып, консультация алу емес, бұл толыққанды ұйым ретінде күшейіп келе жатыр деген сөз. Бізде Орталық Азияда аймақтық кооперация бойынша әлемдік әртүрлі шақыруларға байланысты біздің өзіндік жауабымыз болу керек.

Ал Әзербайжан Президенті Түркі елдері басшылары Қарабаққа шақырды. Ильхам Әлиев бұған дейін аймақтағы жағдайды қайта қалпына келтіру ісіне атсалысуға үндеген. Бұл саммитте Қарабаққа мәдениет орталығы пен мектеп салуға қолдау көрсеткен Қазақстан мен Өзбекстан басшысына алғыс айтты. Сонымен Самарқанда саммит декларациясы қабылданды. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешімге қол қойылды. Ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға ауысты. Тараптар келер жылы Қазақстанда жүздесуге уағдаласты.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу