Риддер қаласында техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласында техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

07.11.2022

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жылу электр орталығындағы апатттың кесірінен 22 мыңнан астам тұрғын жылуға жарымай отыр.

Мағрифа Малғаждарованың айтуынша, биыл алғашқы жылу берілген күннен бері дұрыс болмаған. Жасы жетпістен асқан қария қазір екі бөлмелі пәтерін электр құрлығымен жылытып отыр.

Мағрифа Малғаждарова, Риддер қаласының тұрғыны:

Алғашқы қар жауғалы жылу жоқ. Отырмыз міне сына береді. Ана жолы 3-4 күн беріп қалды. Одан қайтадан сынды. Түнде өзім өстіп осымен жаттым. Үй суық.

Қаладағы жылу электр орталығындағы №1 қазандықтың қосалқы жабдығының жұмысы тоқтаған. Орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шыққан. Осының кесірінен құбырлардағы жылудың қуаты бірнеше есеге дейін төмендеп кеткен. Қалыпты ыстық 70 градустан кем болмауы тиіс. Жағдайды реттеу үшін облыс әкімінің жетекшілігімен арнайы штаб құрылды.

Дмитрий Горковой, Риддер қаласының әкімі:

Қазір 2-ші қазандық істеп тұр. Жылу желісі қатып қалатындай қауіп жоқ. Пәтерлерге 15-22 градус мөлшерінде жылу жеткізілуде. Бұл туралы тұрғындар хабардар. Бүгінгі күні әлеуметтік нысандарда жағдай тұрақты. Мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр.

Жылыту маусымы басталғалы Риддерде коммуналдық мекемеде болған бұл екінші апат. Сондықтан жылу орталығы басшылығы бұл мәселесін шұғыл шешуге тырысып жатқанын айтады. Ол үшін облыс орталығындағы ірі коммуналдық мекемелерден мамандар көмекке келді. Қазір 200 адам ақауды күндіз-түні жөндеп жатыр.

Аль-Таир Сыздықов, «Риддер ТЭЦ» АҚ президенті:

Бүгін жөндеу жұмыстарының бір бөлігі аяқталды. Ертең тұрғындар үйлеріндегі жылудың қуаты артқанын байқайды. Ал бір аптада ақауды толық жоямыз деп ойлаймын.

Риддер жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеу үшін тұтынушылар алдын-ала 90 миллион теңге төлеп қойған. Жағдайды құзырлы органдар қатаң қадағалауға алды. Ал әлеуметтік нысандардағы жылуды ұстап тұру үшін қосымша 120 тонна мазут жеткізілді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу