Шымкенттік ғалымдар бірнеше істі атқаратын агрегат құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік ғалымдар бірнеше істі атқаратын агрегат құрастырды

07.11.2022

Шымкенттік ғалымдар егістік басында бірнеше істі қатар атқаратын ауыл шаруашылығы агрегаттарын жасап шығарды. Бұл - диқанның қол еңбегін жеңілдетіп, агротехникалық талаптарды орындауға жұмсалатын шығынды азайтады. Ең бастысы, мейлінше мол өнім алуға сеп болмақ.

Мына әмбебеп тіркеме 4 түрлі қызмет атқарады. Егістікке су жүретін арық алады. Сүйрік болып тұрған соқаларды көлбеу етіп ауыстырса, оны қайта көмеді. Мұнан бөлек, жал болып қалған жерді және тұтас егістікті тегістейді. Агрегатты түрлі қызметке лайық етіп өзгерту қолмен атқарылады. Және аз уақыт кетеді.

Нұрлыбай Манабаев, өнертапқыш:

Егістік жағдайында 10-15 минутта 4 нәрсенің қалағанын ауыстыру мүмкіндігі болғандықтан жанар-жағар майды 2-3 есе үнемдейсіз, дер кезінде агроталаптарды орындағандықтан 10-15 пайыз өнімділік артады. Экологияны ластау азаяды.

Шымкенттік ғалымдар шаруаның жұмысын барынша жеңілдету мақсатында мұнан өзге де бірқатар техникалар жасап шығарды. Енді диқандар қырққабат, құлпынай, болгар бұрышы, қызанақ пен қияр көшетін техниканың көмегімен отырғыза алады. Агрегат көкөністі бірдей тереңдікте, біркелкі аралықта егумен бірге жерді қопсытып, су жүретін арығын да қоса алып кетеді.

Бердияр Қалымбетов, өнертапқыш:

Демек бір гектар жерді машина бір күнде егіп береді. Ал қол күшімен 30 адам екі күн егеді. Қол күшімен көшет отырғызудың өзі 400 мың теңге талап етсе, ал машинамен ексең 40 мың теңге төңірегінде.

Өнертапқыштардың бұл жаңалығын жергілікті билік те құп алды. Ауыл шарушалығы басқармасы үздік деп танылған 7 жобаның ішінен екеуін таңдады. Енді оларды мемлекет тарапынан қаржыландырып, шаруалардың пайдалануына мүмкіндік жасамақ.

Қайрат Базарбеков, Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Екі жыл көлемінде сүйемелдеуге басқарманың тарапынан қолдау табады. Сонымен қатар инновациялық жобалардың бәрі арнайы комиссияның шешіміне сәйкес шығындары өтеліп отырады.

Жаңа агрегаттардың бағасы 2-3 миллион теңгенің төңірегінде. Ол Шымкенттегі машина жасау зауытында құрастырылады. Ал бұл техникалар шарулардың бәріне қолжетімді болуы үшін шағын МТС-тер ашу көзделген. Яғни тіркемелер ортақ пайдаланымда болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу