Келесі жылы Конституциялық сот пайда болады. Президент сенбі күні оны құру туралы және өзге де бірқатар заңға жария түрде қол қойды.
Қазақстанда Конституциялық сот қызметін бастайды. Ол билік тармағына жатпайды. Бүкіл ел аумағында заңның үстемдігін қамтамасыз ететін дербес орган болмақ. Әділдік іздеген азаматтарға араша түседі, Ата заңға қайшы келсе, жарлықтар мен заңдардың күшін жоятын құзыретке ие болады.
Бұдан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отыр. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. «Бұл саланы одан әрі дамыту әрқашан басым бағыт болады», - деді президент. Сондай-ақ президент қол қойған 6 заңның бірі - Парламенттің рөлін арттырып, Президенттің өкілеттігін қысқартуға қатысты. Енді ел басқаратын адамның туған туыстары лауазымды қызметтерге тағайындалмайды. Әрі мандаты да 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл маңызды саяси инновация демократия жолындағы батыл қадам. Осы өзгеріс жоғары билікті жеке дара иемдену әрекеттеріне біржола тосқауыл қояды. Сондай-ақ ең жоғарғы лауазым иесін өркениетті жолмен және тұрақты түрде ауыстыруға арналған жаңа саяси дәстүрді орнықтырады.
Қабылданған құжаттарда депутаттар мен әкімдерді сайлау мәселесі қамтылған. Сондықтан келесі жылдан бастап облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау пилотты режимде басталады.
Тағы бір маңызды жайт: Конституцияда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені көрсетілген.