Бизнеске мораторий тағы бір жылға ұзарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бизнеске мораторий тағы бір жылға ұзарады

04.11.2022

Бизнеске қойылатын 6000-нан астам талап ескі. Бұл кәсіпкерліктің дамуына кедергі. Алдағы уақытта олардың күші жойылады. Ал бизнесті тексеруге арналған мораторий тағы бір жылға ұзарды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік әлеуметке қол жетімді емес. Қымбатшылық қысып барады. Импортты айтпағанда, өзімізде өндірілетін тауар түрлері де шарықтап тұр. Инфляция 20 пайыздан асып кетті. Билік бұған кәсіпкерлерді кінәләді. Ал Кәсіпкерлер палатасы Үкіметке ысырып отыр. Себеп - субсидия сергелдеңі. Бірі бердік дейді, екіншісі там-тұмдап бергені жетпейді, деп отыр. Бұл съезд жылда өтеді. Проблема жылда көтеріледі. Бірақ, шешіміне келгенде шырмауықша шырмалады.

Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының кеңесшісі:

«Атамекен»-нің берген ұсыныстары тек ұсыныс ретінде. Оны мемлекеттік органдар міндетті емес. Сондықтан бізді кейбір мәселелер бойынша естиді, тыңдайды. Кейбір мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен консенсусқа келе алмай қаламыз. Сондықтан көп проблемалар жылдан жылға шешілмейді.

Шешімін таппаған тағы бір проблема – салық. Кодексте 700-ден астам бап бар. Бұл тым көп, деп отыр кәсіпкерлер. Әрі шым-шытырық. Тіпті, кейбірі бір-біріне қайшы. Кәсіптің дамуына кедергі. Қазір жаңа нұсқасы жазылып жатыр. Оның үстіне бизнеске қойылатын талаптардың дені ескірген.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

18 бағыт бойынша 55 мыңнан аса талаптарды анықтадық. Оның 6 мыңнан астамы бұл заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан біз олардың күшін жоямыз. Бұл деген сөз бизнеске ерекше жол ашылады. Артық реттеу, артық бақылау, артық қадағалау жұмыстары алынып тасталады.

Шағын бизнес субъектілеріне мораторий мерзімі тағы бір жылға ұзарды. 2024 жылға дейін кәсіп иелерін ешкім жөн-жосықсыз тексере алмайды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу