Орал қаласы мен бірнеше ауданда кешеден бері жарық жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласы мен бірнеше ауданда кешеден бері жарық жоқ

02.11.2022

Батыс Қазақстанда кешелі бері жауған қар - қала мен 6 аудандағы 7 мыңнан астам абонентті жарықсыз қалдырды. ШаҺардағы 1200-дей отбасының тұрғындары қараңғылықта қалған. Жылу мен су да жарыққа тәуелді болғандықтан, тұрғындар сусыз, жылусыз отыр.

Табиғаттың тосын мінезі қала мен даланы бірдей әбігерге салды. Желаев кентінде жарықтың сөнгеніне бір тәуліктен асты.

Мария Потехина, тұрғын:

Кешеден бері жарық жоқ. Үйдегі тұрмыстық техникалар жанып кетсе не болады? Газ пеші электр жарығымен қосылады. Жылу жоқ.

Берік Ақкереев, тұрғын:

Бәрінде проблема боп жатыр жарық дейтін, білесіз ғой. Бәрі тоқпен жасайды. Үйде қарайған бала бар. Қазір салқын. Жылу айналмайды. Бәрі жарықпен.

Ал облыс бойынша Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, Жаңақала аудандарында электр сымдары үзілді. Газ қосып, ошағын бұзып тастаған ауылдар қыстың көзі қырауда жылусыз қалды.

Миржан Нұртазиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Электр желілерінің 82% тозығы жеткен. Оған қоса ауа райы салдары, қардың жаууы, күрт өзгеруі, түнгі кездегі аяз, қатқақтың пайда болуынан осындай ажыратулар болып жатыр. Қазір 28 авариялық бригада жұмыс істеп жатыр.

Кешеден бері 92 адам қолда бар 35 техникамен күн-түн демей үзілген желіні қалпына келтіріп жатыр. Өңірдегі тоз-тозы шыққан жүйе бұған дейін талай рет сынға ілігіп, ақыры үкіметтің "Облысты кешенді дамыту жоспарына" енгізілді. Түйіткілді шешуге 20 млрд теңге қаражат бөлінетін болып бекітілді.

Мирас Мүлкәй, қала әкімінің орынбасары:

20 млрд-тың 8 млрд-қа жуық қаражаты Орал қаласында орналасқан электр желілерін қайта құру жұмыстарына көзделіп отыр. Сәйкесінше бүгінде осы жұмыстар бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама өткізіп, келесі жылы жұмысты бастауды көздеп отырмыз.

Алайда үкіметтен ең болмаса құжаттама жасауға да бір тиын бөлінген жоқ. Облыс бюджеті 20 мың шақырым электр желілерін жөндеуге күші жетпейді. Биыл тек жәй жөндеуге 300 млн теңге бөлініп, жамап-жасқалған.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей біз қазір облыстық телеорталықтың студиясындамыз. Бұл ауданда да жарық жоқ. Айнала қап-қараңғы. Бұл стратегиялық нысанның дамылсыз жұмыс істеуіне кедергі келтіріп тұр. Құзырлы орган жарықты кешке дейін қосуға уәде беріп отыр.

Қазір түскен ақпарат бойынша Оралда жарықсыз отырған 1200 абоненттің 600-не электр қуаты қосылған. Қалған елді мекендерде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу