Қарағанды облысында ірі су қоймаларына 420 мыңнан астам шабақ жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ірі су қоймаларына 420 мыңнан астам шабақ жіберілді

02.11.2022

Қарағанды облысында ірі су қоймаларына 420 мыңнан астам тұқы, жылтыр тұқы, сазан шабақтары жіберілді. Енді оларды 4 жылға дейін аулауға болмайды.   

Мамандар әуелі су қоймаларын түгел зерттеген. Тазартып, санитарлық жағдайын қалыпқа келтірді. Тек содан кейін ғана майшабақтарды арнайы көлікпен әкеліп төкті. Балықтың бұл тұқымы Орталық Қазақстанның климатына төзімді, әрі тез көбейеді. Олардың санын азайтып алмай, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қолдан өсім жасап отыру аса маңызды.

Бірақ оны үнемі бюджет есебінен іске асыру қиын. «Сондықтан қараусыз қалған су қоймаларын келешекте жекеменшікке беру жағы қарастырылып жатыр», - дейді мамандар. Оның үстіне биыл питомниктердің жұмысына талап күшейген. 

Денис Муштаков, Қарағанды балық питомнигінің директоры:

Көлге жіберілетін майшабақтың салмағын биыл 20 грамға дейін өсіріп жіберді. Ал Қарағанды өңіріне қатысты нормативтік құжаттарда 12 грамм деп анық жазылған. Енді ол көрсеткішке жету үшін шабақтарды питомникте ұзақ ұстауға тура келеді. Ал бұл кезде күн салқындап, суға мұз қата бастайды. Биыл абырой болғанда күз жылы болды. Сондықтан бұл талапты өзгертуді сұрап, қазір балық шаруашылығы комитетіне хат жолдадық. 

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу