Қазақстандық әуе компаниялары кешіктірілген рейстер үшін айыппұл төлеуге міндеттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық әуе компаниялары кешіктірілген рейстер үшін айыппұл төлеуге міндеттеледі

01.11.2022

Отандық әуе тасымалдаушылар кешіктірілген рейстер үшін жолаушыларға билет құнынан 3 пайыз айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл туралы азаматық авиация комитетінің өкілдері мәлімдеді. Себебі, әуерейстердің кешігу кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында шағым көп.

Алтынай Қуандық өз анасына билетті бір ай бұрын сатып алған. Ал рейске 4 сағат қалғанда алдын ала шайға да тапсырыс берген. Бірақ ұшақтағы ішкі онлайн жүйесі дұрыс жұмыс істемегендіктен, оған төлеген ақшасы желге ұшты. Жалпы, әлеуметтік желіде әуекомпаниялардың қызмет сапасына қатысты мұндай жазба өте көп.

Биыл рейстердің кешігуі мен алынып тасталуына байланысты отандық әуекомпанияларға 8 рет айыппұл салынды. Көп жағдайда ұшақты сағаттап күткен жолаушыларға қонақ үйге орналасу жағы да қарастырылмаған. Мысалы, шетелде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесін бәрінен бұрын жоғары қояды. Ал Қазақстанда әуежай мен әуе компаниялар арасындағы жұмыс кей жерлерде жүйеленбеген. Мүгедектігі бар азаматтар да жиі шағымданады.

Алмас Ержан, қоғам белсендісі:

Самолетке отырарда мынандай кішкене биттей коляска беру керек. Ол колясканың сапасы да әртүрлі болады. Кейбіреулер арзан түрі болады. Алматыда қымбат әдемі үлкен отырғызатын коляскасы. Ол адамның денсаулығына байланысты отырған кезде. Зияндысы болады, зияндысы болмайды. Ол бір мәселе. Сосын көмекке түсетін адамы. Ол білімді болуы керек. Ол жай ғана бір қап картоп әкелген сияқты немесе отын сияқты тасымауы керек.

Елдегі әуе компанияларының қызметіне қатысты тұрғындардан басқа да шағым көп. Олардың көбі ұшатын уақыттың кейінге шегерілуіне қатысты.

Енді рейсті әр сағат кешіктіргені үшін әуе тасымалдаушы билет құнының 3 пайыз көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеу ұсынылып отыр. Осы міндетті орындамаған компаниялар әкімшілік жазаға тартылады.

Нұржан Малаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің өкілі:

Қазір ұсыныстар Сенатта қаралып жатыр. Олар жолаушылар құқығын қорғауға бағытталған. Біз әуе компанияларды рейс кешігетінін СМС арқылы алдын ала ескертуге міндеттейміз. Хабарламада компаниялар ұшудың жаңа уақытын көрсетуге тиіс.

Сондай-ақ, әуекомпаниялар екі сағатқа шегерілген рейстің жолаушысына міндетті түрде ыстық тамақ және қонақ үймен қамтамасыз етуге міндеттелмек. Заңға енген осы және басқа да жолаушылар құқығын қорғауға арналған өзгертулер жылсоңына дейін қабылдануы керек.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу