Алматы облысында жыл басынан бері пара алудың 72 дерегі тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жыл басынан бері пара алудың 72 дерегі тіркелген

27.10.2022

Алматы облысында жер қатынастары, білім беру және медицина салаларында жемқорлық жайлаған. Өңірде жыл басынан бері ақша жымқыру дерегі бойынша 100-ге жуық қылмыс тіркелген. Бұл туралы Облыс әкімінің қатысуымен Қонаевта өткен жемқорлыққа қарсы күрес ведомствоаралық комиссиясының отырысында белгілі болды.

Алматы облысындағы мектеп директорлары оқу жүктемесін бөлу кезінде мұғалімдерден ақша талап еткен. Жыл басынан бері жемқорлықпен күрес агенттігінің колл - орталығына осындай шағыммен 40-тан астам хабарлама түскен. Мұндай фактілерді болдырмау үшін жұмысқа қабылдау рәсімдерін автоматтандыру ұсынылып отыр.

Гүлсара Исағұлова, Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:

Қарасай ауданы, Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар ауданында басым арыз түседі. Бүгінгі таңда осы үш ауданның білім бөлімінің басшылары өз өтініштерімен жұмыстан босатылды. Интеграциялық жүйені енгізуді қолға алып жатырмыз. Кілт арқылы ата-ана кіріп, электронды түрде тіркеліп, жұмысқа қабылдау, мектепке, балабақшаға қабылдау мәселесін шеше алады.

Өңірде білім беру нысандарының сапасыздығы да өткір тұр. Мысалы, Талғар қаласындағы 1200 орындық мектепті салуға 3 миллиард теңге бөлінген. Тексеріс барысында 76 миллион теңгеге сәйкес келмейтін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Ал 46 миллион теңгеге ешқандай шаруа атқарылмағаны анықталды.

Саян Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы:

Мемлекетімізде әр өңірде сыбайлас жемқорлыққа тәуекел әкелетін сұрақтар арнайы әр өңірде карта ретінде құрылып, сол картаға сәйкес, біздің мақсатты жұмыстарымыз - тәуекелдерді жою, болдырмау, алдын алу мәселелері. Біздің жұмыстың бағасын халық береді.

Жемқорлыққа қарсы мониторинг денсаулық сақтау саласына да жүргізілді. Тексеріс барысында дәрі-дәрмекті нарықтағы бағасынан қымбат сату, медициналық нысандарды сапасыз салу, олардың сметалық құнын арттырып жібергені анықталған. Бұл ретте, басқарма басшыларының есебі тыңдалып, агенттік өкілінің ескертпелері назарға алынды. Алдағы мақсат - облыста жемқорлық деректерінің алдын алу.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу