Түрік елінің астанасы Анкарада Қазақстанның Республика күніне арналған салтанатты қабылдау кеші өтті. Оған зиялы қауым мен шетелдік дипломатия өкілдері келді. Түркияда тұратын қандастарымыз бас қосты. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған шарада ән-күй төгіліп, қазақы дастархан жайылды. Қонақтарға киіз үйде ұлттық тағамдар ұсынылды. Түркияның Мәдениет және туризм министрі екі ел қарым-қатынасының жыл өткен сайын тереңдеп келе жатқанын айтты. Осы елде білім алатын студенттер мен елшілік қызметкерлері өнер көрсетті. Келушілер тәуелсіздіктің бастауы болған Республика күні ерекше мейрам екенін атап өтті.
Куршад Зорлу, саясаттанушы, журналист:
Егемендік декларациясына қол қойылған Республика күні әрине ерекше мереке. Қазақстан аймақтағы ең жылдам өркендеп келе жатқан, өзіндік даму жолы бар, түркі мемлекеттері арасындағы негізгі елдердің бірі. Қазақстан халқын біріктіретін, өзге елдерге Қазақстан туралы жан-жақты мағлұмат алуға мүмкіндік беретін осындай ерекше күнмен барша қазақстандықтарды құттықтаймын.
Мерекемен құттықтаудың тағы бір ерекше тәсілі - ғимараттарды тумен көмкеру екені белгілі. Республика күнінің құрметіне Анкарадағы ең биік нысандар санатындағы қос ғимарат көк байрағымыздың түсіне боялды.
Айдос Әшімұлы