Шымкент қаласындағы Көкбұлаққа көгілдір отын берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласындағы Көкбұлаққа көгілдір отын берілді

21.10.2022

Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы Көкбұлақ шағын ауданының тұрғындары шат-шадыман қуанышқа бөленді. Шаһардың шеткері аумағындағы аймаққа табиғи газ беріліп, елдің тұрмысы жайлана түсті.

Гүлбара Үркімбаеваның көгілдір отын келгелі тірлігі жеңілдеді. Үйі жылы, қазаны қайнаулы. Жыл сайын күн суытса қысқа қамданып әбігерге түсетін едік. Биыл немерелеріммен жылы үйде уайымсыз отыратын болдым,- деп қуанып жүр.

Гүлбара Үркімбаева, қала тұрғыны:
40 жыл болды. Осы кезге дейін көмірмен, тезекпен отырғанбыз. Өзіміз істеп. Осылай бізге газ беріп, қолымызды жылы суға малып отырғанымызға қуаныштымыз. Сіздерге көп рақмет.

Көкбұлақтағы 500-ге тарта шаңырақ осындай қуаныш үстінде. Әрбір көшедегі магистральды құбырдан құжаттарын талапқа сай рәсімдеп үлгерген үйлерге қарай газ желісі тартылуда. Тұрғын алабтағы балабақша да газ желісіне қосылды. Жалпы соңғы екі жылда Шымкент қаласының дамуы үшін ел қазынасынан 180 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
Оның 130 миллиарды тікелей инженерлік инфрақұрылымға қаралған. Бұл үлкен қаражат. Соның нәтижесінде 2023 жылы 100 пайыз су мәселесі шешіледі. 2024-2025 жылы газ бен электр қуатын шешеміз.

Биыл Шымкент қаласында Көкбұлақ секілді 11 шағын ауданда табиғи газ құрылысы жүріп жатыр. Оның сегізіне, жыл соңына дейін көгілдір отын барады. 34 мыңнан астам отбасы өркениет игілігін көреді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу