Президент Жетісу облысындағы тігін фабрикасының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жетісу облысындағы тігін фабрикасының жұмысымен танысты

20.10.2022

Жетісу облысында тағы мыңнан аса адамды жұмыспен қамтитын тігін фабрикасы ашылады. Оған 3 млрд теңге инвестиция құйылуы мүмкін. Жаңа нысан үш ай бұрын іске қосылған «Айсұлу» фабрикасының жалғасы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары кезінде кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті.

«Айсұлу» тігін фабрикасы биыл маусымда ашылған. Президент фабриканың жұмысымен танысып, шағын және орта бизнесті дамытудың жақсы үлгісін көрсетті деп бағалады.

Ине-жіпті жиырма жыл бұрын қолына алған Ғалия Бекболова қазір киім де, оюлы құрақ көрпе де тігеді. Жетісу фабрикасына екі ай бұрын жұмысқа орналасқан зейнеткер әріптестерімен бірге күніне 200-ге жуық арнайы киім тігеді. Ауылдан қалаға қатынап еңбек ету үшін кәсіпорын көлік те берген.

Ғалия Бекболова, тігінші:
Өзіңді жақсы сезінесің. Біреу сенің тіккен киіміңді кисе, соның өзі қуаныш. Кетіп бара жатқанда көреміз ғой. Мынау біздікі-ау деп қарайсың. Адамға жарасып тұр ма, қалай тігілген деп.

Жетісу облысында ашылған «Айсұлу» тігін фабрикасы әсіресе жалғызбасты, көп балалы ана мен зейнет жасына шыққан азаматтардың еңбек етуіне мүмкіндік берген. Тіпті жақында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға 20 тігін машинасын тапсырды. Енді олар үйде отырып тіккен киімін тікелей фабрикаға өткізіп, табыс табады.

Жарылқасын Болатұлы, Жетісу тігін фабрикасының директоры:
Тез тігеді басқа фабрикаларға қарағанда. Содан кейін заказ өте көп. Ресейге экспортқа заказ алдық. Біз 2 млн-дай жібереміз. Қазір 120 мың тауар кетті. Киім тігеміз, құрақ көрпе жасаймыз.

1 млрд теңге инвестиция құйылған жоба әзірге сәтті іске асып жатыр. Жыл соңына дейін құны 600 млн теңгеден асатын өнімді экспортқа шығаруды көздеп отыр. Дегенмен жұмыс күші аз. Фабрикаға әлі 150 тігінші қажет.

Ақерке Бектас, тілші:
Кәсіпорын ашылған 3 айдың ішінде тапсырыс бойынша 20 компаниямен келісімшартқа отырған. Фабрика киімдермен бірге, жылына 1,5 млн медициналық маска шығара алады. Таза табысы айына 10 млн теңгеден асады. Қазір мұндағы 4 цехте 150-ден аса адам жұмыс істейді. Тігіншілердің жалақысы шамамен 200 мың теңге.

Жақында мемлекеттік бағдарлама арқылы субсидия алып, кәсіпкерлер тағы бір гектар аумаққа қосымша цех ашады. Жеңіл өнеркәсіп аймақтағы мың адамды жұмыспен қамтуы мүмкін. Онда мектеп формасынан бастап тұрмысқа қажетті түрлі заттар шығармақ. Қазір медициналық мекеме, әскери бөлімдермен келіссөз жүргізіп жатыр.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу