Атыраудағы Жайық өзенінің 4 тармағы тереңдетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Жайық өзенінің 4 тармағы тереңдетіліп жатыр

19.10.2022

Трансшекаралық маңызға ие Қиғаш өзенінің бітелген сағалары суға толатын болды. Қазір арнасы тарылып, табаны таязданған тармақтарда тереңдету жұмыстары басталды. Халық үшін аса маңызды жоба сәтті жүзеге асса, балық шаруашылығы дамып, тіршілік нәріне мұқтаж тұрғындар ағынды судың игілігін көрер еді.

Еліміз үшін аса маңызды Қиғаш пен Шора өзендерінің тармақтары 40 жылдан бері тазартылмаған. Теңізге апаратын су жолындағы проблема әсіресе, балықшылардың жұмысына қолбайлау. Таяз суда кемелер қайраңдап қалады. Қатынас үзіледі. Балық миграциясы да бұзылады.

Бақыт Есбергенов, Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
Қазір балық шаруашылығына қиын болып тұр. Жүріп тұруға каналдардың бәрі таязданып кеткен. Сібір-Батыс жағынан соққанда жел біз үшін өте ауыр болады. Себебі судың бәрі теңізге құйылып кетеді де, су таяздап, көп жерлер қара жер болып қалады.

Қазір маңызды 9 канал қазылып жатыр. 4 км өзен арнасы тереңдетілді. 4 учаскеде бас-аяғы 13 техника мен 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Келесі жылы тағы 20 құрылғы әкелінеді. Су түбін қазатын екі кеме тәулігіне шамамен 4000 текше метр лай шығарады.

Юрий Гольцман, жұмысшы:
Жұмыс күрделі. Қате жасалған қимыл, техниканы құртуы мүмкін. Кейде су түбінде қатты жерлер болады.Сол кезде қиналып қаламыз. Барынша кестеден кешікпеуге тырысамыз.

Алдағы 3 жылда 99 км өзен тармағы тереңдетілуі тиіс. Оған 14 млрд теңгенің шамасында қаржы қаралған. Соның биыл 1 жарым млрд-ы игерілуі тиіс.

Жандос Темірғали, тілші:
Қазір біз шекаралық аумақта орналасқан Сафон ауылының маңындағы Қиғаш өзенінің арнасында тұрмыз. Бұл жердегі өзеннің тереңдегі бұрын 1 метр болса, қазір мына түптереңдету жұмыстарынан кейін, 3 метрге дейін тереңдеді.

Егер жоба сәтті жүзеге асса 10 ауыл ағынды судың игілігін көреді. Өзен арналары балыққа толады. Сөйтіп, 6 кооперативтің тасы өрге домалайды. Себебі аудандағы 7 шаруашылықтың бәрі су жолына тәуелді. Яғни кемелер теңізге кедергісіз қатынап, бұрынғыдай қиналып қалмайды. Әрі 5 су тазарту стансасында жүктеме азаяды.

Бауыржан Нұрғалиев, Құрманғазы ауданының тұрғыны:
Барлық сағадағы сулар төмен түсіп кетіп жатыр. Кейбір ауыл ішкі аралығындағы сулар да кеуіп қалып жатыр. Бұл жоба іске асса су тартылған құбырлар суландырылады. Ағыс сумен қамтамасыз етіледі.
Мақсат Сәдуақасов, мердігер мекеменің өкілі:
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға зиянын тигізетін факторлар болмайды. Мына үйілген топырақтар тегістеледі.

Қазір Жайық өзенінің 4 тармағы тереңдетіліп жатыр. Аршылуы тиіс су жолының 56 км-індегі жұмыс келер жылы аяқталады. Ал, Қиғаштағы жұмыстың 30 шықырымы биыл тапсырылады.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу