Еуропа елдерінде инфляция деңгейі 10 пайызға жетті. Электрэнергия, жанар-жағар май мен азық-түліктің қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін төмендетті. «Еуропадағы өмір»ұйымының мәліметінше қазір ЕуроОдақ азаматтарының 25 пайызы кедейлік кебін киіп отыр. Айлығы шайлығына жетпейтіндер мен жұмыссыздар қазір үйіндегі жиһазын, киім-кешегін саудалап, күн көруде.
Жаппай қымбатшылық белең алғалы Германияда ломбардтарға сұраныс артқан. Ақшадан қысылған жұрт елдегі 250 дүкенге алтындарынан бөлек бағалы заттарын кепілге қалдырып, несие алып жатыр. Дағдарыстың кесірінен банкротқа ұшыраған мына кәсіпкер қарыздарынан құтылу үшін енді ломбардқа автокөлігін өткізуге мәжбүр. Дениз есімді келіншек те қымбат шаңсорғышын кепілге қалдырып, 400 еуро алды.
Дениз Боде, Германия азаматы:
Жағдай өте қиын. Азық-түлік сатып алу уайым болды маған. Балаларым аш қалмасын деп үйдегі барымды ломбардқа өткізіп жатырмын. Әйтпесе, банк біз сияқтыларға несие бермейді.
Ломбардқа кепілге қойған затын қайтарып ала алмаған бельгиялықтардың мүлкі арнайы дүкендерде саудаланады. Таза былғары мен бұғының терісінен тігілген дивандарға көп адам қызыққанмен, сатып алуға қалтасы көтере бермейді.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Жиһаздан бөлек бұл жерде ыдыс-аяқтың да неше түрі бар. Мысалы, мына менің қолымдағы табақ сонау XVIII-ғасырда жасалған екен. Ал, мына қыш құмыра Орталық Азия мемлекетінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылыпты. Сірә, ақшадан қысылған біреу осында тапсырса керек.
Нан-пұлға ақша таппай қиналғандар мұнда бағалы заттарын, тіпті жарыстарда ұтып алған алқа, сыйлықтарына дейін арзанға сатып жіберген.
Фредерик Айерден, дүкеннің қожайыны:
Біз осы дүкендегі заттарды сатудан түскен ақшаны қайырымдылық жобасына жұмсаймыз. Нақтырақ айтсақ, 340 жұмыссыз, баспанасыз азаматты азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етеміз.
Брюссельдегі бір ғана дүкен соңғы алты айда тұрғындардан 1500 тонна жиһаз бен 5 мың тонна бағалы бұйым қабылдаған. Азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасы шарықтай берсе, күнкөрістің қамы үшін халық бар қазынасын сатуға қояды, дейді сарапшылар.
Нұрсұлу Қасым