Атыраудағы Құрманғазы ауданына саяхатшылар ағылып жатыр. Шалғайдағы өлке көпті тұмса табиғатымен таңғалдырды. Соңғы алты айдың өзінде Қиғаш өзеніне арнайы баратын туристердің саны 4 есеге артқан. Олардың тең жартысы шетелдік меймандар. Тілшіміз Жандос Темірғали көпшілікті қызықтырған кереметті өз көзімен көріп келді.
Ертемен қармағын қамдап, өзенге асыққан Леонид Қиғашқа Ресейдің Саратов ауданынан екінші рет келіп отыр. Қасында тағы бес туысы бар. Оларды мұнда жіпсіз байлаған тұмса табиғат пен тулаған балық.
Леонид Барашкин, турист:
Ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде. Былтыр үлкен сазандар ауладық. Енді, биыл арнайы көксерке балығы үшін келдік. Табиғаты тамаша. Алдағы маусымда тағы да осында боламыз.
Туристер үшін Қиғаш жағалауында 5 демалыс базасы бар. Алматылық Махамбат ашқан орынға сұраныс көп. Жатақ-жайға күніне орташа есеппен 30 шақты адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті оларға арнайы қайық беріліп, орманшы жол көрсетеді.
Махамбет Көптілеуов, туристік базаның басшысы:
Мұнда шетелдіктер көптеп келетін болғасын, біз – ұлттық құндылығымызды бірінші орынға қойдық. Демалыс орны ретінде қосымша киіз үй типіндегі жатақ-орындарды жайғастырдық.
Талайды таңдай қақтырып тамсандырған Құрманғазы ауданындағы жасыл белдеуде аққу аралы мен лотос алқабы да жайқалып тұр. Мұнда қарапайым құстың 100-ге жуық түрі бар. Бұл – аңшылар үшін де олжаның көзі болып тұр.
Жандос Темірғали, тілші:
Міне Қиғаштың ақсазаны қармаққа түсті. Жалпы туристердің басым бөлігі осы аумақта тынығады. Бұл – Қиғаш өзенінің Каспийге құяр сағасы. Бір ерекшелігі мұнда ірі әрі сирек кездесетін балықтар қармаққа түседі. Суда 15-тен астам балықтың түрі бар.
Қиғашты көрмекке биылғы алты айдың өзінде-ақ 1200-ден астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге көп. Бір әттегенайы, демалушыларға орын тапшы. Сол үшін, аудандағы Бірлік ауылынан туристік аймақ құрылмақ.
Нұрлыбек Төлепов, Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
Бөлек туристік аймақ құру жоспарымызда бар. Оның негізінде жеке кәсіпкерлер арқылы жер телімдерін беріп жатырмыз, сұраныс бойынша.
Болашақта Құрманғазы ауданы туристік класстерге айналғалы тұр. Қазірдің өзінде 10 кәсіпкерге демалыс базасын салу үшін табиғаты ерекше аумақтан жер берілді. Екеуінің құрылысы жақын күндері аяқталады.
Жандос Темірғали