ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Бүгін 11 елдің мемлекет басшылары қатысып жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент кеңестің әлемдік экономикалық көшбасшыға айналғанына тоқталды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
11 елдің президенті қатысқан ауқымды шара таңғы 10:00-де басталды. Қазақстан кеңеске тағы 2 жыл төрағалық етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын айтты. Әрі әлемнің жаңа күн тәртібін қалыптастыруға күш салуымыз керек деді. Ел Президенті ынтымақтастықты дамытудың бірнеше бағытын ұсынды. Алдымен жаһандық логистикалық тізбектің үзілуін айтып, көлік транзит дәліздерін қалыптастырудың жаңа жолдарын іздеу керек деді. Екіншіден кеңестің қаржы саммитін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру қажет. Үшіншіден экологиялық өлшем. Президент бұл проблемаға ерекше екпін берді. Өйткені, климаттық дағдарыс соңы әскери қақтығыстарға алып келуі мүмкін. Сондықтан, бірлесіп әрекет етуге шақырды. Төртіншіден Президент азық-түлік қауіпсіздігіне назар аударды. Соңында адами капиталды дамытуға ден қою керек деді. Ол үшін 2024 жылы Азия кеңесіне мүше елдердің еріктілер слетын елордада өткізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия атаулы ЖІӨ және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша танымал әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың 30 триллион долларлық тұтынуының барлық болжамды өсуінің тек 1 триллион доллары Батыс экономикаларына түседі деп күтілуде. Алайда, Азияның болашағы біздің мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің арнайы қоры құрылатынын мәлімдеді. Ол Азия кеңесінде ұсынылған ірі жобаларды қаржыландыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар, бүгін кеңеске 28-ші ел қосылды. Кувейт мүшеллікке енді. Ал Түркіменстан бақылаушы ел ретінде тізімге кірді. Саммиттте айтылған маңызды мәселелер жөнінде алдағы шығарылымда толығырақ айтамыз.
Раушан Сайлауқызы