Ұлыбританияда азық-түлік өнімдерінің бағасы шарықтап, рекордтық көрсеткішке жетті. Қымбатшылықтан қиналған жұрт алдағы қыста қалай күн көреміз деп абыржулы. Биліктегілер газ бен жарықтың бағасын төмендетуге уәде еткенімен, азық-түліктің бағасын реттеуге қауқарсыз.
Марина Бекенова, тілші:
Лондондағы азық-түлік дүкендеріндегі инфляция деңгейі соңғы 4 айда шамамен 14 пайызға артты.Мұндай мәліметті халықтың сауда жасау дағдысындағы өзгерістерді зерттейтін орталық жариялады. Әсіресе, сүт және сүт өнімдерінің бағасы өскен. Көкөніске сұраныс артқан. Қымбатшылықтың қыспағында қалған тұрғындар бағасы арзан болған соң солып қалған көкөністі де тастамай кәдеге жаратуда. Ал газ бен жарық бағасы қымбаттаған соң, көпшілікке үйден ас-ауқат әзірлеудің өзі қиынға соғуда.
Фрейзер Маккевитт, «Kantar» зерттеу орталығының бөлім басшысы:
Электр энергиясын үнемді пайдаланатын техникаларға деген сұраныс 53 пайызға артты. Қалың көрпелер мен балауыз шамдардың да саудасы қызып тұр. Қыста жылу мен мен жарыққа жарымаймыз деп үрейленген жұрт алдағы қысқа осылай қамданып жатыр.
Ұлыбританияның бас қаржы институты - Англия банкі, өз кезегінде, инфляцияны тежеу үшін шұғыл шара ретінде мемлекеттік облигацияларды сатып алып жатыр. Бұған күн сайын шамамен 5 млрд фунт жұмсалуда. Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Лиз Трасстың дауға қалған экономикалық бағдарламасы жария етілгеннен кейін елде осындай ахуал қалыптасты.
Марина Бекенова