Жаңаөзен қаласында 3 мың бала оқитын мектептің жертөлесі опырылып түсті. Жаңбыр суынан ғимараттың іргесі сөгіліп, тіреуіштері ажыраған. Ата-аналар білім ошағында оқу балалар үшін қауіпті десе, мамандар мектеп жабылмайды, әуелі сараптама жасаймыз деп мәлімдеді.
Кендірлі ауылындағы 21-мектеп бұдан 11 жыл бұрын пайдалануға берілген. 1200 орындық білім ошағында 2 ауысыммен 3 мың оқушы оқиды. Алайда бүгін сыныптарда оқушы санаулы. Себебі, төтенше оқиғаны естіген ата-аналар балаларын сабаққа жібермей қалған.
Мадина Нұрбаева, Кендірлі ауылының тұрғыны:
Біздің мектепті сносқа жіберу керек. Жертөлеге жаңа кірдік, мүмкін емес. Табалдырығының құлағанын көріп жүрегіңді ұстайсың көрген кезде.
Әкімдік өкілінің мәлімдеуінше, нөсер жауыннан кейін жертөлеге су жиналған. 2 жыл бұрын да осындай жағдай болып, сараптама жүргізіліпті. Бірақ, мектеп апатты емес деген қорытынды жасалған. Содан кейін 283 млн теңге бөлініп, мектептің асханасы мен спорт зал күрделі жөндеуден өткен.
Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
Мынаны біз көріп отырмыз. Тастан салынғандығын. Негізгі бетондарға арнайы түстен кейін мамандар келіп, осының қорытындысын шығарып беретін болады.
Әкім орынбасары мектепті жабуға негіз жоқ деп отыр. Ал, сараптама қорытындысы шамамен 2 аптада шығуы тиіс.
Аягөз Оралбайқызы