Ұлттық мұра: Қарқаралыда ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын ағаш шебері тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық мұра: Қарқаралыда ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын ағаш шебері тұрады

07.10.2022

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында жасаған бұйымдары көздің жауын алатын ағаш шебері тұрады. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды Ақжол Жұртыбай әп-сәтте әзірлейді. Тапсырыстың көптігі сол, бір айда елдің түкпір-түкпіріне кемі 50 табақ жөнелтеді.

Қымыз ашытатын күбі, тостаған, саптыаяқ, қонаққа ет тартатын астаулар мен жиһаздардың Ақжол бүгінде түр-түрін жасайды. Бұл өнер оған атасынан дарыпты. Университетті «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ ол салада еңбек етуден саналы түрде бас тартып, өзінің сүйікті кәсібін қолға алған. Қазір шағын шеберхана ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.

Ақжол Жұртыбай, ағаш шебері:

Қазір бір ет табақты шамамен 3-4 сағатта жасап шығуға болады, станоктың арқасында. Ал станок болмаған кезде, қолмен істеп жүрген кезде 2-3 күнге дейін кететін. Ет табаққа ива, қайың ағаштарын қолдансақ, мебельдерге қарағай қолданамыз. Қарағай ағашын ет табақтарға, тостақандарға қолдануға болмайды. Өйткені ол шайырын бөледі. Ол дұрыс болмайды. Ал күбілерге қайың ағашын қолданамыз.

Ақжол шикізатты алыстан іздемейді. Қарқаралының қалың орманында өсетін ағаштарды пайдаланады. Көктемде күбіге тапсырыс көп болса, соғым уақыты таяған сайын ет табақ алғысы келетіндер арта түседі екен. Бір айда шамамен 50 астау жасайды.

Қуатбек Байжұманов, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

Өнімдерінен биылға алған күбіміз осы. 70 литрлік күбі, жаз бойы бие байладық бірінші рет. Сонда пайдаландық. Өнімі жақсы, сапалы, ойымыздан шықты енді.

Ақжол жас кәсіпкер ретінде биыл аудан және облыс әкімінің грантын жеңіп алған. Қайтарымсыз 2 миллион теңге қаржыға бірнеше қондырғы алыпты. Соның көмегімен күрделі пішіндегі бұйымдарды да жасайды екен. Ал өнімдерін әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Шебердің келешекте ұлттық бұйымдар сататын дүкен ашсам деген арманы бар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу