«Ақ жол» демократиялық партиясы президент сайлауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады. Партияның кезектен тыс ХІХ съезінде президент сайлауына қатысуға жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов ниет білдірді. Сонымен бірге қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да кандидатурасын қолдауды ұсынды. Жиылғандар шешімді жасырын дауыс беру арқылы қабылдады. 126 партияласының ішінде Сандуғаш Дүйсенованы 11 , Серік Ерубаевты 23, ал Асқар Садықовты 17 адам қолдады.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Коалицияны қолдау партия ұстанымдарына қарсы шығу емес. Керісінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптеген ұсыныстары «Ақ жол» партиясының бағдарламасымен үндес. Мен үшін ең маңыздысы, мемлекетке қызмет ету. Президенттің «Мықты президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» қағидасының өзі біздің талай жылдан бері айтып келе жатқан ұстанымдарымызбен ұқсас. Президент тек бір партияға емес, бүкіл ұлтқа қызмет етуі керек.
Серік Селеубай