Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша үздік ел деп таныды. Осы орайда Қырғызстанның медицина мамандары осы тәжірибемен танысуға арнайы келді. Атап айтсақ, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы емхана демонстрациялық орталық ретінде құрылған. Сол жерде көрші елдің дәрігерлері осы жүйенің алғышарттарымен таныспақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар медициналық көмектің 50 пайызын емханада қабылдайды. Осы орталықтарды қаржыландыруға медицина саласына бөлінген қаржының 53 пайызы жұмсалады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 60 процентке дейін көтеру көзделген.
Вячеслав Дудник, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
Медициналық көмектің сапасы жоғары болуы үшін 7 мың дәрігер мен мейірбике қосымша оқуға жіберілді. Қазақстандағы тәжірибемен танысуға алдағы уақытта Тәжікстанның медицина қызметкерлері келеді деп жоспарланып отыр.
Мелитта Джакаб, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы алғашқы медициналық- санитарлық көмектің жүргізілуіне өте жоғары баға береді. Әсіресе, соңғы 5 жылда әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың жұмылдырылуы оң нәтиже беріп отыр. Өйткені, аурудың негізі биологиялық сипатта болуы шарт емес, кейде адамдардың науқастануына әлеуметтік, экономикалық факторлар әсер етеді.
Фариза Мұсақызы