Түркияда өткен төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда өткен төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды

03.10.2022

Түркияның Изник қаласында өткен төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды. Әлемнің 102 елінен келген 3500 спортшы төрт күн бойы ұлттық спорт түрлерінен бәсекеге түсті. Қазақстандық спортшылардың қоржынында 9 медаль бар.

Төрт күнге созылған дүбірлі жарыстың соңғы күні Қазақстан үшін табысты болды. Қазақ күресі мен көкпардан отандастарымыз алдына жан салмады. Ең көп жүлдеге қол жеткізген Қазақ күресі құрамасы. Сайысқа түскен 6 палуанымыз да медальға ие болды. Қарсыласын қапы қалдырған Зарина Сарипова мен Марат Нығматуллаев алтыннан алқа тақты.

Марат Нығматуллаев, Қазақ күресінен IV дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Бірінші белдесуде Түркмен палуанын жеңіп, екінші белдесуде, жартылай финалда Иран палуанын жеңдім. Үшінші кездесуде моңғол палуанымен финалдық кездесуде өте тартысты өтті. Ел қоржынына алтын салғаныма өте қуаныштымын.

Зарина Сарипова, Қазақ күресінен IV дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Украиндық қыз финалдағы қарсыласым қиын болды. Бірақ көк туымызды желбірету үшін намысты қолдан бермедім.

Көкпаршыларымыз да қарсылас шақ келтірмеді. Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуде Өзбекстанды 8-1 есебімен, ал екінші кездесуінде Моңғолия командасын 12-2 есебімен тізе бүктіріп финалға шықты. Ақтық айқаста Қырғыздармен ойнаған құрама соңғы сәтте жеңісті жұлып алды. Қортынды есеп: 4:3. Көкпар құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.

Ұлан Байтөреев, Көкпардан Қазақстан құрамасының капитаны:

Ойын екі жақта да күшті болды, екі жақ та мықты болды, екі жақ тартысты болды. Финалда екі күшті команда шықты. Аллаға шүкір жеңіске жеттік. Бізге есеп емес, жеңіске жету керек болды. Жеңіске жеттік.

2014 жылдан бері әр екі жыл сайын Қырғыз елінде ұйымдастырылып келе жатқан көшпенділер ойыны биыл бірінші рет Түркияда өтті. Ал келесі 2024 жылғы ойындарды өткізу құқығын Қазақстан алды. Жабылу салтанатында ойындардың символдық құмырасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа тапсырылды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу