Ақмола облысы Шортанды ауданының тұрғындары дамбаны жөндеуді сұрап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы Шортанды ауданының тұрғындары дамбаны жөндеуді сұрап отыр

01.10.2022

Ақмола облысы Шортанды ауданындағы Дамса, Научный, Степное ауылының тұрғындары елді мекендерді көктемде су басу қаупі бар деп алаңдаулы. Себебі Дамса дамбасы әбден тозған.

Дамса ауылы маңындағы су қоймасы үш елдімекенді тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп тұр. Алайда көктемде ағыс қатты болса, дәл осы үш ауыл су астында қалады, дейді жергілікті тұрғындар.

Ермек Елберген, тілші:

Қоймадағы су мына құбырлар арқылы ағызылу керек. Алайда құбырлар шіріген. Бетондарда жарық бар. Сондықтан су оны айналып өтіп жатыр. Салдарынан топырақ опырылып түсуде. Ал қатты ағын су келсе, бұның барлығын шайып кету әбден мүмкін.

Су деңгейін бақылауда ұстау үшін оны уақтылы ағызып жіберу қажет. Алайда бөгеттегі суды реттеп тұратын тоспалар істен шыққан.

Ербол Көпеев, Научный ауылының тұрғыны:

Бұл бөгет қирағалы тұр. Көктемде су астында қаламыз ба деп қорқамыз. Мәселені көтергенімізге көп болды. Алайда, ешқандай әрекет жоқ. Тағы бір мәселе, егер бұл су ағып кетсе, үш ауыл да ұзақ уақытқа сусыз қалады. Себебі қойманы толтыру үшін бірнеше жыл керек. Мұнда ешқандай өзен келіп құймайды.

Жергілікті билік дамбаны жөндеуге ақша бөлу үшін төтенше жағдай жариялауды ойластырған. Алайда, мұндай шешім тек апат болған жағдайда қабылданады.

Кирилл Котляров, Степное ауылының тұрғыны:

Неге күтуіміз керек? Алдын-алуға болады ғой. Қауіп төніп тұрғаны анық. Дамса да, Научный да, Степное да бұл қоймадан төмен орналасқан.

Аудандық әкімдік жағдайды білеміз, алайда қаржы жоқтығынан мәселені шешу мүмкін болмай отыр, дейді. Десе де, жаз бойы жасалмаған жөндеу жақында қолға алынбақ.

Гүлнәр Әбдірахманова, Дамса ауылдық округінің әкімі:

Аудандық бюджеттен 15, облыстан 25 миллион теңге бөлінді. 40 миллион теңгенің тендері өтті. 20 қазанға дейін жөндеу жұмыстары аяқталу керек. Алайда бұл уақытша шара. Бөгетке сараптама жасалды. Оны қайтадан салу қажет.

Бөгетті жаңадан салу үшін шамамен 1 миллиард теңгедей қаржы қажет. Десе де, бұл нақты сан емес. Алдымен жобалық-сметалық құжат керек. Қалай болғанда да, республикалық бюджеттен қаражат бөлінбей, бұл мәселе.

Ермек Елберген 

Хабарламаларға жазылу