Бүгін «Қазақ радиосында» белгілі диктор, радио және телевизия саласының ардагері Әбдірәлі Бөлебай атында студия ашылды.
Онда тек тікелей эфирде хабар тарайды. Тағылымды шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, «Қазақстан» РТРК Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай және Әбдірәлі Бөлебайдың отбасы мен ұжымы қатысты. Дәл осы студияға Әбдірәлі Бөлебайдың есімін беру тегін емес. Ақтық демі таусылғанға дейінгі жұмыс орны. 500-ге жуық хабар дайындады. Қалың тыңдарман, ұлт үнжариясынан, оның дауысына қанық. Дауылпаз диктор Әбдірәлі Бөлебай осыдан жарты жыл бұрын дүниеден озған еді. Алайда, артына өшпес мұра қалдырды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Абай айтады ғой «жайнаған туың жығылмай, жақсы өтіпсің апыр-ай»,- деп. Әбдірәлі ағамыз сол әдемі жүрген қалпында, әдемі сөзімен тіп-тік қалпында арамыздан кетті. Есімін мәңгілікке қалдыру жолында тағылымыды істер атқарылып жатыр. Мен ұжымға шын жүректен ризашылығымды білдіремін.
Асима Нұрбайқызы