Президент Алаш арыстары оқыған оқу ордасына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алаш арыстары оқыған оқу ордасына барды

30.09.2022

Семей десе Абай, Абай десе Мұхтар Әуезов еске түседі. Заңғар жазушының туғанына биыл - 125 жыл. Семейдің қақ төрінен бүгін классик жазушы мен оның шәкірті Қайым Мұхамедхановтың еңселі ескерткіші бой көтерді.

Қос тұлға да қазақ руханиятының алыбы. Әуезов атақты «Абай жолы» эпопеясын жазу барысында, шәкірті Қайымға арнайы тапсырма беріп, көптеген деректерді Абай елінен алдыртып отырған. Алаш ұранды, Абай рухты зерттеу жолында от пен суды бірге кешті. Хәкім шығармаларының бүгінгі күнге сол қалпында жетуі де қос тұлғаның ерен еңбегі мен ерлігінің арқасы.

Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері:

Сондай өте қиын кезеңде бір-біріне адамдық қасиетін сақтады. Ал енді бұл үлкен шындыққа, болмыс ақиқатқа барын салып еңбек істеуге дайын болған тірі адамдардың өздерінің бейнесі.

Осыдан кейін Президент Невзоров музейіне барып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі ең көне оқу орнына барды. Ол 1903 жылы ашылған, Алаш арыстары оқыған семинария. Оқу ордасында Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Әзілхан Нұршайықов сынды алып тұлғалар білім алған. Қазіргі таңда мұнда Семей педогогикалық колледжі орналасқан. Заманға сай жөнделіп, жаңартылған. Бұл жерде оқып жүрген жастар Алаш көсемдері басқан баспалдақты басып, арыстар отырған аудиторияларда білім нәрімен сусындап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі заманда білмсіз адам қауқарсыз адам деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді. Сондықтан білім ең алдымен керегі.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу