Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының халқы былтыр қысты тоңып өткізгенін ұмыта алар емес. Жылудан тарыққан жұрт, әкім қызметінен кетсін деген талап қойды. Шаһардағы қазандықты жөндеуге миллардтап қаржы бөлінгенімен, жарытып жылу бермейтін көрінеді.
2-ші топ мүгедегі Қасымжан Нығызбаев Жаңатаста 30 жылдан бері тұрады. Қыс келсе бүрсеңдеп, өлместің күнін кешеміз деген ол, былтырғы жағдай биыл да қайталана ма деп қорқады.
Қасымжан Нығызбаев, қала тұрғыны:
Қыстың күні келіп тексеріңдер ешқандай жылу жоқ. Қара халықты жылатқаннан басқа, әкімшіліктен ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Мен бір үйде екі мүгедек тұрамын арендадан арендаға тұрып жатырмын. Мына әкім жұмыс істегенін көрсетсін халыққа. Халықтың алдына шығып сөйлесін, сөйлей алмайды, неге? Өйткені оның істеп отырған жұмысы жоқ.
73 жастағы Әмина Есмағанбетова да жылу мекемесінен жылу көрмедік дейді. Былтыр қыс бойы жылуға жарытпаған жауаптылардан көңілі қалған. Мәселені әкімдікке қанша айтқанмен қайран жоқ.
Әмина Есмағанбетова, қала тұрғыны:
Жақсы жылымайды. Қабат-қабат киініп, қыстай тоңып шығамыз. Үйіміздің іргесі былтыр көгеріп кетті. Жаурап отырдық сонда, қыс қашан бітеді екен деп отырдық.
Жаңатаста 96 көпқабатты үй бар. Қазандықтар мазутпен жанады. Былтыр мекеме қақаған аязда отынды үнемдейміз деп, 17 мыңға жуық тұрғынды тоңдырып алған. Оған себеп, жеткізуші мердігер, сұйық отын тасымалын кешіктірген.
Әбутәліп Әбілов, «Жаңатас жылу» мекемесінің басшысы:
Мазут мәселесі қазіргі таңда жаңағы он күндік қор дейді ғой, он күндік қорымыз бар. Биылға енді жылудан мазуттан ешқандай мәселе болмайды деген ойдамыз.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Жаңатас қаласын жылыту үшін мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жауапты мекеме басшылығы қазір сұйық отынның 500 тоннасын жеткізіп алғанын айтты. Бұл 10 күндік қор. Ал қазандықтарға көгілдір отынмен істейтін пештерді орнату үшін 2 миллиардтан аса теңге қажет. Әзірге бұл жоба қаржы тапшылығына байланысты қолдау таппай отырған көрінеді.
Нұрдос Болатұлы