Петропавлда коммуналдық компания кәсіпкерлерге 1 млрд теңге берешек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда коммуналдық компания кәсіпкерлерге 1 млрд теңге берешек

23.09.2022


Петропавлдағы коммуналдық мекеме 27 мердігерге 1 млрд теңге берешек. Қарызын даулағандар 2 жылдан бері серіктестіктен ақшасын қайтара алмай сенделіп жүр. Тіпті сот олардың арызын қанағаттандырғанымен, еш нәтиже жоқ. Коммуналдық мекеменің барлық шоттары бұғаттаулы. Мәселе қалай шешіледі?

Тамара Гайсина жетекшілік ететін серіктестік көшелерді абаттандырумен айналысады. Екі жыл бұрын қалалық жағажайға 100 көшет отырғызған. Кішкентай ғана шыбықтар қазір жайқалып өсіп келеді. Ал кәсіпкер әлі күнге еңбегінің ақысын ала алмай жүр. Коммуналдық мекеме оған 26 млн теңге қарыз.

Тамара Гайсина, кәсіпкер:
Бір жыл бойы көшеттерді күтіп-баптадық. Жұмысты әкімдік пен «Коммунхоз» мекемесі қабылдады. Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші 65 млн теңге төлеуі керек еді. Ақы қолға толық тимеді. Бұл ағаштарды енді қазып алып, сата алмаймыз. Өйткені ол коммуналдық меншік болып саналады.
Алашағын даулаған мердігерлердің бірі шаһарды абаттандырса, енді бірі қыс бойы көше тазалаған. «Коммунхоздың» тапсырысы бойынша жол салғандар да бар.

Жасұлан Ысқақов, кәсіпкер:
«Коммунхоздың» директоры ол өзі жалғыз шешім қабылдаймын дейді. Олай болмайды ғой. «Коммунхоздың» негізін қалаушы әкімдік. Енді несие де, салық та қалды. Жұмысшылар жұмыссыз қалды. Жалақы төлеу керек. Бүкіл техника арестта. Енді мен не істеу керек?
Бірнеше рет сот болып, құзырлы органісті кәсіпкерлердің пайдасына шешкен. Алайда оны орындайтын жауапты тұлғаның жұмысқа келмегеніне айға жуықтаған.

Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
Ол қаржыны төлеу үшін қалалық «Коммунхоз» қалалық ЖКХ-ны сотқа беруі керек. Соттың шешімі болса, бюджетте қаржы ақша бар. Ол қаржы бөлініп сол «Коммунхозға» төленіп, сол қарыздар жабылады.
Әзірге «Коммунхоз» сотқа жүгіне алмайды. Себебі есепшоттарының барлығы бұғатталған. Ал шығынға батқан 27 кәсіпкердің дені банкроттың алдында тұр.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу