Димаш Құдайбергеннің ән кешіне тура 1 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің ән кешіне тура 1 күн қалды

22.09.2022

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Алматыдағы алғашқы концертіне тура 1 күн қалды. Ғаламат шоуды қазақстандықтармен қатар жер жаһаннан жиналған жанкүйерлер де тағатсыздана күтіп жүр. Ән кешін ұйымдастыруға 200-ден астам адам, 400 волонтер жұмылдырылған. Ал «Қазақстан» телерадиокорпорациясы - концерттің ресми ақпараттық серіктесі.

Жазира Оразқызы, тілші:

Концерт туралы ақпарат Алматының дәл осындай ең көрнекті жерлеріне ілінген. Миллиондаған фанаты бар әншіге әлемнің 70-ке жуық елінен мейман келіп жатыр. Өнеріне тәнті тыңдармандар мұхит асып, Америкадан, Ұлыбритания, Щвейцария, Франция, Қытай, тіпті, Бразилия мен Аргентинадан да келген. Димаштың дүбірлі кеші дәл осы жерде өтуі тегін емес. Бұл - 10 гектардан астам аумақты алып жатқан бірегей ғимарат, еліміздегі ең ірі спорт нысандарының бірі. Бір уақытта 30 мыңнан астам адамды сыйдыра алады. Ертеңгі концертті негізгі орыннан бөлек фанаттар аймағында, яғни сахна, алдында тұрып, тамашалауға болады. Стадионның ішінде дайындық жүріп жатыр. Қазір сахна құрылды, лэд экрандар орнатылған. Мен көп құпияны ашпай-ақ қояйын. Бүкіл қызықты ертең тамашалаймыз. Әншінің концертіне билеттер 2 ай бұрын сатыла бастады. Дегенмен, алғашқы екі тәулікте-ақ 10 мыңнан аса билет сатылған. Қазір билеттердің 90 пайызы сатылып кеткен. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы - концерттің ресми ақпараттық серіктесі. Сондықтан қазір әріптестерім техниканы орнатып, жұмысқа қызу кіріскен. Алматыдан тікелей эфирлер, Димашқа қатысты эксклюзив материалдар ұсынылады! Ендеше, ертең назарыңыз Ұлттық арнада болсын!

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу