Келер жылдан бастап қант қызылшасына субсидия артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылдан бастап қант қызылшасына субсидия артады

21.09.2022

Келер жылдан бастап қант қызылшасының әр тоннасына мемлекеттен берілетін субсидия 40 мың теңгеге жетеді. Бұл туралы шаруалармен кездескен Ауыл шаруашылығы вице-министрі мәлімдеді. Жетісулық диқандар өнімді 30 мың теңгеден өткізеді. 15 мыңын қант зауыты төлесе, 15 мың теңгесі жергілікті бюджеттен. Бұл баға қызылша өсірушілердің көңілінен шықпайды. Тұқымнан бастап жанармай, тыңайтқыш, ауылшаруашылығы техникасының бағасы еселеп өскен. Сондай-ақ биыл өнімді бір ғана зауыт қабылдамақ. Өйткені облыс шаруалары өсірген көлем бір кәсіпорынның қуатына әрең жетіп отыр.

Әшімғали Жұмагелдин, шаруа қожалығының жетекшісі:

160 км жерге біз қазір Ақсу ауданынан Көксуға қызылшаны әкелеміз. Бізге беріп отырғаны 30 мың теңге тоннасына. 1,5 теңге тасымалға беріп отыр. Ал біздің камаздар Сарқаннан 8 теңге, Ақсудан 7 теңге сұрап отыр. Бұл қандай үлкен шығын. Сондықтан біз қазір таси аламыз ба, таси алмаймыз ба? Мұның өзі де бізге үлкен мәселе болып тұр.

Жетісу облысында биыл 6 мың гектарға қызылша егілді. 180-нен аса шаруашылық өнім жинау науқанына дайындалып жатыр. Ақсу қант зауыты жыл бойы жұмыс істеу үшін қайта жаңғыртудан өтпек. Министрлік өкілдері шаруалардың мәселесін жергілікті билікпен бірлесіп шешуге келісті. Басты мәселе - суармалы алқаптарды көбейтіп, игерілмей жатқан жерлерді іске қосу. Ал Үкімет келер жылдан бастап субсидиялаудың жаңа ережесін ұсынып отыр.

Әбілқайыр Тамабек, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Енді бір мәселе. Техникаға байланысты баға жаңадан белгіленеді. Соның 25-30 пайызы отандық техника болса, ал шетелдік импорт болатын болса 15 пайызы субсидияланады. Бірақ та қант қызылшасын жинайтын комбайнға 50 пайыз қойып отырмыз.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу