Президент сайлауы 20 қарашада өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы 20 қарашада өтеді

21.09.2022

20 қараша сайлау. Президент кезектен тыс сайлау күнін белгілеп, Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы мен халық тағдыры әр адамның қолында деп үндеу жасады.

Президент. Парламент. Үкімет әрі Мәслихат. Төрт құрылым да қайта құрылады. Бірақ бірден емес, біртіндеп. Бұл биыл жүзеге асырылған іргелі референдумның негізі. Осылайша, билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым.

Өзгерісті Президент өзінен бастады. Алдымен, халықтың сенімі керек. Ал сенім сеңгір тауды да қозғайды. Ал сайлау – елдің болашақ бағдарын айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Біз оның бәрін жақын арада жүзеге асыруымыз керек. Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мен Мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін.

Әлбетте, әділдік әрі ашықтық - сайлаудың негізгі принципі. Бұл отандық және шетелдік байқаушыларға да сын. Ал демократия, заң және тәртіп сайлаушылардың міндеті. Президент соны жауапкершілікпен сезінуге шақырды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу