Сарапшылар пікірі: Қазақстандағы реформалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар пікірі: Қазақстандағы реформалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

20.09.2022

Қазақстанда жасалып жатқан соңғы реформалар елдің саяси-экономикалық дамуынан бөлек, сыртқы саясатта беделінің артуына ықпал етпек. Түркиялық саяси сарапшылардың пікірі осылай. Бауырлас елдің мамандары Қазақстанның батыл саяси реформалары түркітілдес өзге мемлекеттерге үлгі екенін айтады. Сондай-ақ, ұлттық қор қаржысының бір бөлігін балаларға беру бастамасы мемлекет тарапынан жас буынға жасалған ерекше қамқорлық дейді

Әли Семин, Таяу шығыс саяси зерттеулер институтының басшысы:

Қазақстанда биыл маңызды өзгерістер болып жатыр. Әсіресе Президенттік мерзімге қатысты. Яғни 7 жылға, тек бір мерзімге ғана сайлануға мүмкіндік беретін заң түркітілдес елдердің арасында тұңғыш рет қабылданып тұр. Бұл демократиялық қадам Қазақстанның әлем қауымдастығы алдындағы беделін арттырып, инвесторлардың сенімін күшейтетіні сөзсіз. Президент Тоқаевтың реформалары тек ел ішінде емес, сыртқы саясатта да маңызды өзгерістерге әкеледі деп сенемін.

Гирай Бозкурт, Түркиядағы Мармара университетінің профессоры:

Президент Тоқаев мырзаның халыққа жолдауында бірқатар саяси реформалармен қатар, экономикалық та өзгерістер туралы айтылды. Мәселен мұнайдан түскен қаржының бір бөлігін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аудару туралы шешім халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жастарды білім алуға ынталандырудың өте оңтайлы жолы болды деп ойлаймын.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу