Қасым Жомарт Тоқаев Самарқандағы саммитке қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым Жомарт Тоқаев Самарқандағы саммитке қатысты

18.09.2022

Бұл аптада Қасым Жомарт Тоқаевтың жұмыс графигі тығыз болды. Рим папасы, Қытай төрағасын қарсы алып, шығарып салып, президент бірден Өзбекстанға ұшып кетті.

Президенттердің Самарқандағы саммитте самсадан дәм татып, бейресми кездесуіндегі сәттерінен суреттерге қарап, жиын жылы атмосферада өткендей әсер қалады. Дегенмен, үндемеске болмайтын тақырыптар да көтерілді. Жақында ғана ұйым аясында әріптес елдер Әзербайжан мен Армения араздасып қалды. Айтпақшы, Армения премьері Никол Пашинян Өзбекстанға келмей қойды. Мұны шекарадағы шиеленіспен байланыстырыпты. Саммит алдында өткен Ұжымдық ынтымақтастық туралы шарт ұйымының отырысында Пашиняннің әскер жіберу туралы өтініші қолдау таппады. Бәлкім, бұл да әсер еткен шығар. Тоқаев кикілжіңді тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге үндеді. Бұл қақтығыстан ондаған адам қаза тапты.

Бұл аздай, жұма күні ұйым мүшелері Қырғызстан мен Тәжікстан арасында да текетірес басталды. Тараптар бұған дейінгі оқ атпау туралы келісімнің бұзылғанына бір-бірін кінәлап жатыр. Мұнда да қаза тапқандар бар. Шекарадағы шетін мәселе қалай шешілетіні белгісіз.

Осыларға Украина мен Ресейді қосыңыз. Күзгі кездесудің саяси градусы қандай болғанын сезген шығарсыз?!

Бірақ күн тәртібіндегі ыңғайсыз сұрақтарға қарамастан, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы кеңейіп жатыр. Иранның толыққанды мүшесі болуы туралы меморандумға қол қойылды. Мысыр мен Қатар да серіктес болмақшы. Белоруссия да мүше болуға дайындалып жатыр.

Саммитті ұйымдастырған Өзбекстан президенті Шавкат Мерзиёев мұны «ұйымның тиімділігін дәлелдейтін қадамдар» деп бағалады.Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзбек басшысының сөзін құптап, ұйымды жаһандық экономикалық платформаға айналдыру керек деді. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин, тіпті, «тағдыры ортақ бірлестік» болуды ұсынды. Самарқандағы саммит жайлы Досжан Маратұлының материалы.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына биыл Өзбекстан төраға. Саммиттің Самарқанда өтуі де содан. Өзбекстанның дайындығы ерекше. Жаңа әуежай, президенттерге арналған қонақ үй және 450 миллион долларға туристік кешен тұрғызған. Күллі әлем көз тіккен жиынның өзі саммитке әдейілеп салынған мына конгресс орталықта өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевты өзбек басшысы қарсы алды. Екеуі жылы жүздесті. Ұзақ қол алысты. Бұл ұйымға мүше сегіз ел: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан,Үндістан және Ресей мен Қытай басшыларының пандемиядан кейін толық құрамда алғаш рет бас қосуы.

Кейін президенттер жабық жағдайда оңаша кеңесті. Артынша кеңейтілген отырыста әр ел өз ұсынысын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір әлем қауіпті кезеңде. Елдер арасында санкция салу секілді тәсілдер белең алды. Ұйым ішінде мұндайға жол бермеуіміз керек. Бірлікті күшейтіп, бірлестікті жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз қажет» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, яғни 23 триллион доллардан асады. Бізде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар. Оның үстіне мемлекеттеріміз – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер.

Экономикалық ынтымақтастық энергетика, азық-түлік және логистика салаларында артуы тиіс. Бұл ретте Қазақстанның әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр.

Осыған орай, серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Әрі Шығыс Азиядан Парсы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор.

Бірақ тұрақты даму үшін аймақта қауіпсіздік болуы керек. Өзгені айтпағанда ұйым ішіндегі елдер арасында қазір қарулы қақтығыстар болып жатыр. Күні кеше тәжік пен қырғыз шекарасында жанжал шығып, әскерилер бір-біріне оқ жаудырды. Көз жұмғандар бар. Екі ел басшысы саммитте мәмілеге келіп, шекарадан әскерін әкетуге келіскенімен қақтығыстар қайта жалғасты. Оның үстіне саммитке бірнеше күн қалғанда Армения мен Әзірбайжан арасында да от тұтанды. Николь Пашинянның алқалы жиынға қатысудан бас тартуы да содан. Ал Ильхам Әлиев болса, Арменияны арандатушы деп айыптап, шүріппені бірінші болып басқанын мәлімдеді.

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Республикасының Президенті:

Үндістан мен Пәкістан арасы да күн сайын суып барады. Кашмирге қатысты келісімге келе алар емес. Саммит аясында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Путинмен жолығып, соғысты тоқтатуға шақырды. Ресей басшысы арнайы операцияны тезірек аяқтау үшін барлығын жасайтынын тіпті бейбіт келіссөздерге дайын екенін жеткізді. Ал өзбек басшысы болса тәліптер билікті күшпен басып алған Ауғанстанстанға алаңдаушылық білдіріп отыр.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

Ауғанстанға қатысты санкциялық саясаттың күшеюі, ел билігінің оқшаулануы, елдегі радикализмді күшейтері сөзсіз. Сол үшін бұл ел террористік ұйымдардың алаңына айналуы мүмкін.Біз Ауғанстандағы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бойынша Кабулмен байланыс орнатуды жақтаймыз.

Досжан Маратұлы, тілші:

Саммит қорытындысы бойынша 40-тан астам құжатқа қол қойылып, Самарқан декларациясы қабылданды. Қысқасы, елдер арасындағы ынтымақтастық сан-салада жанданбақ. Әрі ұйымның географиялық аумағы кеңейеді. Иран мүшелікке қабылданды. Енді Белорусьті қосу процесі жүріп жатыр. Ал Шанхай құрылымына төрағалық ету тізгіні Үндістанға өтті.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу