Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ саммитіне қатысты

16.05.2022

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына биыл 20 жыл. Осы уақыт ішінде әскери альянс өзінің тиімділігін көрсетті. Түрлі жаһандық қауіп қатерлерді бірлесіп еңсеріп келеді. Бірақ қару-жарақ пен есірткі саудасын тоқтату, экстремизм, терроризмге қарсы тұру секілді өзекті проблеммалар қашанда күн тәртібінде. Сондықтан ұйымға мүше мемлекеттер басшылары Мәскеуде бас қосып, осы мәселелерді тағы бір таразылады.

Құрамына 6 мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Белорусь, Армения және Ресей кіретін бірлестіктің негізгі міндеті де осы. Өзара әскери ынтымақтастық орнатып, түрлі қауіпке қарсы тұру. Ұйымға 20 жыл болғанымен, шартқа 30 жыл бұрын, мамыр айында қол қойылған. Бүгін мерейтойлық саммит. Алқалы жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің шақыртуымен арнайы келді.

Қол алысып, суретке түскен соң, мемлекет басшылары үстелге жайғасып, аймақтағы қауіпсіздік жайын талқылады. Өйткені Ауғанстандағы ахуал сақтықты қажет етеді. Билікті күшпен басып алған тәліптердің шекарасы ұйымға мүше Тәжістанмен шектесіп жатыр. Бұл тұтас өңірге қауіп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін.

Яғни ауған-тәжік шекарасындағы қауіпсіздікті бірлесіп арттырумыз керек, деді президент. Осы арқылы аймақ тыныштығын қорғай аламыз. Тағы бір маңызды міндет - ұйымның бітімгерлік әлеуетін арттырумыз керек. Былтыр қауіпсіздік құрылымы бас хатшысының жанынан арнайы өкіл тағайындау туралы еліміздің бастамасы қолдау тапқан еді. Ол бітімгерлік мәселелерімен айналысады, түрлі шиеленістерді реттеп, бейбітшілікті сақтауға күш салады. Енді әрі қарай жылжуымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді.

Иә, қазақ бітімгерлері осы уақытқа дейін Тәжікстан, Батыс Сахара мен Кот-Дивуарда және Иракта БҰҰ-ның осындай бітімгерлік операцияларына қатысқан. Енді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында осындай миссияларға жіберіледі. Тіпті Ауғанстандағы ахуалды реттеуге көмектесуі мүмкін.

Жалпы жиында тараптар әскери әріптестікті арттырып, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және фейк жаңалықтармен күресу мәселелерін де сөз етті. Кейін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады. Айта кетейік, биыл әскери бірлестікке Армения төрағалық етіп жатыр. Келер жылы ол Белоруске өтпек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу