Шетелдіктер: Қазақ халқы Головкинмен мақтануы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдіктер: Қазақ халқы Головкинмен мақтануы керек

17.09.2022

Әлемдік спорт сарапшылары мен жанкүйерлер назар тіккен жекпе-жек болмақ. Қазірдің өзінде осы Лас-Вегас қаласына ақпарат тарату үшін ондаған журналист келген.

Головкин мен Канелоның фанаттарын әлемнің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Оны мына баспасөз орталығындағы тілшілерге қарап аңғару қиын емес. Ондаған елден БАҚ өкілдері жүр. Мәселен, Марко Попеско Колумбиядан бірнеше күн бұрын келіп, қазірге дейін жиырмаға жуық материал жариялап үлгеріпті. Әрі өзі Головкиннің жанкүйері. Бокс сарапшысы бұған дейінгі кездесуінде қарсыласынан жеңіліп қалған Канело бұл жолы нокаут жасау үшін барын салады деп топшылайды. Бірақ Головкиннің жеңетініне сенімді.

Марко Пореско, колумбиялық журналист:

Мен Головкинді жақсы көрем. Ертең оның жеңгенін қалаймын. Меніңше, ол Канелодан күштірек. Канело екінші жекпе-жекті жеңген жоқ. Үшінші кездесуде Головкин жақсы бокс көрсетеді деп ойлаймын. Менің ойымша, ол Канелоны нокаутқа жібереді.

Кубалық тілші Гулиш Ваерс те Головкиннің жанкүйері әрі бірнеше жылдан бері қазақ боксшысының шаршы алаңдағы жетістіктерін қалт жіберей бақылап келеді. «Оның соққылары жойқын. Бірақ қарсыласы да осал емес. Сондықтан бұл жолы оңай болмасы анық» дейді. Оның үстіне жас айырмашылығы да бар.

Гулиш Ваерс, кубалық спорт шолушысы:

Меніңше, қазақ халқы ертең қандай жағдай болса да Геннадий Головкинмен мақтануы керек. Себебі онымен мақтанарлықтай талай жеңістер сыйлады. Мен оны құрметтеймін. Менің балаларым сол секілді болса деймін. Ертең ұтса да, ұтылса да қазақ жұрты риза болуы тиіс. Балаларына үлгі қылуы қажет деп ойлаймын. Кәсіби боксшы ретінде Головкин үшін бұл атақ даңқтан артық. Әрі ол сондай құрметке толық лайық деп санаймын.

Айта өтейік, Канело Геннадиймен болған жекпе-жектен соң 8 кездесу өткізді. Оның 7-еуінде жеңді, бірақ ресейлік Дмитрий Биволдан айласын асыра алмады. Ал қазақстандық боксшы 5 рет шаршы алаңға шығып, бәрінде де жеңіске жетті.

Хабарламаларға жазылу