Головкин мен Альварес соңғы салмақ өлшеу рәсімінен өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкин мен Альварес соңғы салмақ өлшеу рәсімінен өтті

17.09.2022

Әлемнің бокс жанкүйерлері асыға күткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы трилогия аяқталуға жақын. Ертең «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары осы тарихи жекпе жекті тікелей эфирде көрсетеді. Кәсіби боксшылар бүгін соңғы салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Екі кәсіби боксшының арасында бес жылдан бері жалғасып келе жатқан жанжалды текетірес ертең аяқталады. Үшінші жекпе-жек нағыз мықтыны анықтап, тартысқа нүкте қоюы керек. Бұл тарихи сәтті көру үшін әлемінің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер осы Лас-Вегас қаласына ағылып жатыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда демалыс күндері шаһарға үш жүз мың турист келген. Оның бір бөлігі Головкин - Канело қолғап түйістіруін көру үшін келгені анық.

Салмақ өлшеу басты жекпе-жек алдындағы соңғы ресми рәсім. Екінші орта салмақ шегі - 168 фунт. Яғни, 76,2 келіден аспау керек. Таразыға бірінші болып түскен қазақстандық боксшы 167,8 фунтты көрсетті. Ал мексикалық қарсыласы 181 граммға жеңілдеу шықты. 167,4. фунт. Головкин мен Альварес осы дивизиондағы абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Яғни, мексикалық боксшыға тиесілі төрт белбеу үшін таласады.

Геннадий Головкин:

Бүгін айтулы оқиға алдындағы соңғы күн. Мексикалықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Тек өзімінің жанкүйерлеріме ғана емес, барлық бокс фанаттарына айтарым: егер сен шынымен бокс жанкүйері болсаң, кімнің нағыз чемпион екенін жақсы білесің.
Салмақ өлшеу рәсімі фанаттар үшін сүйікті боксшыларын көріп қалуға мүмкіндік беретін сәт. Сондықтан шараға жиналған жанкүйерлерде есеп жоқ.

2017 және 2018 жылдары екі рет кездесіп, алғашқысында тең түсіп, одан кейінгісінде допингпен ұсталғанына қарамастан Канело төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен еді. Қарсыласынан есесін қайтару үшін Головкин супер орта салмаққа көтеріледі. Бұл оның осы салмақтағы алғашқы дебюті болмақ. Тарихи кездесу қайтадан Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Астана уақытымен 18 қыркүйек күні таңертең басталады. Бокс әлемінде жылдың басты жекпе-жегі саналған трилогияны «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары тікелей эфирден көрсетеді.

Хабарламаларға жазылу