Медициналық байқау құнын өсірген ХҚКО қызметкері ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық байқау құнын өсірген ХҚКО қызметкері ұсталды

13.09.2022

Ақтөбедегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы прокурорлық тексерістен соң қызметінен босатылды. Мұнда медициналық байқау құны белгіленген бағадан бірнеше есе қымбатқа беріліп келген.

Мәселен, наркологтан анықтама алу құны 5 мың теңге деп белгіленген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша ол 1015 теңгеден аспауы керек. Кей мамандардың қызметі тіпті 8 мың теңге болыпты. Түркістан облысынан келген серіктестіктің қызмет көрсетуге арналған лицензиясы мен санитарлық қорытындысы да болмаған. Еске салайық, жуырда ғана дәл осы мекеменің ішінен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталған еді. Олар азаматтарға 200 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алып берумен айналысқан. Топ құрамында халыққа қызмет көрсету орталығының мүшелері де болған.

Есет Әзімов, Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры

Прокуратура шараларымен серіктестік лицензиялау шараларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызмет көрсету шарты бұзылды.


Хабарламаларға жазылу