Құс ату маусымы: Жетісу облысында рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс ату маусымы: Жетісу облысында рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр

12.09.2022

Елімізде қыркүйектің алғашқы сенбісінен суда жүзетін кей құстарды ату маусымы басталды. Аң-құсқа бай Жетісу облысында маусым қыза түсті. Заңбұзушылыққа жол бермеу мақсатында табиғат қорғау полициясы мен орман шаруашылығы жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастыруға кірісті.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Сарқан аңшылық шаруашылығының аумағы 33 мың гектар болса, дәл ортасында осындай тамаша Алтай көлдер жүйесі бар. Дәл осы жерге аққу, қаз, үйрек сияқты суда жүзетін көп қонады. Сондықтан аңшылар да, балықшылар да осы жерге көп келеді.

Жетісу облыстық табиғат қорғау полициясы, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының қызметкерлері аңшылық маусымның алғашқы күнінен тексеру жұмыстарын бастады. Мақсат аң-құсты оңды солды ататындарға тосқауыл болып заңсыздықтың алдын алу. Саятшылықты ұнататын аңшылар қауымы да заңға бағынып, құжаттарын толық ретке келтірген. Тексеру барысында басым бөлігінің аңшылық билеттері мен жолдамалары, қаруының рұқсаттары бар екені анықталды.

Асхат, Алматы қаласының тұрғыны:

Браконьер де көп болып кетті ғой. Келіп жүзден, екі жүзден атып кетеді. Ол өз жағымнан ойлаймын дұрыс емес деп. Сол үшін заң талабымен, берілген рұқсат қағазымен атып, демалып, табиғатты сақтау керек деп санаймын.

Рейдтік жұмыстар түнде де жүргізілді. Көлігіне әлдебір дала жануарының етін тиеген бұл азаматтың құжаттары толық. Алайда ірі аң атуға шыққанда қасында аңшылық шаруашылықтың өкілі болуы тиіс. Сондықтан оған әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды.

Бағлан Рымжанов, Жетісу облыстық ПД аға инспекторы:

Жалпы жыл басынан бастап 510 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде 21 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз балық ұстау, заңсыз аң аулау, немесе қызыл кітапқа енген аңдарды ату жағдайлары тіркелген.

Аймақтар бөлінгелі Жетісу облысының еншісінде 60-қа жуық аңшылық шаруашылық қалды. Аң аулауға рұқсат етілген бұл аумақтар табиғат жанашырларының қатаң бақылауында.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу