Өткен жылы ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдері сайлауы өтті. Мақсаты айқын әрі іскер үміткерлер халық сеніміне ие болды. Солардың бірі – Түркістан облысының Жаушықұм ауылын басқарып жүрген Нұрбақыт Нұрсейітов. Тынымсыз тірлігінің арқасында «Үздік ауыл әкімі» атанды.
Нұрбақыт Нұрсейітов Шардараның іргесіндегі ауылға әкім болып сайланды. Мемлекеттік қызметте он жыл еңбек өтілі бар маманға бұл сала таңсық емес. Қордаланған мәселелер біртіндеп шешімін тауып, халық мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре бастады.
Дүйсенкүл Жасұзақова, ауыл тұрғыны:
Мектеп салынды, интернат салынды. Интернатта балаларымыз, келіндеріміз жұмыс істеп жатыр. Бала-шағасын сонымен асырап жатыр. Мәдениет үйі салынып жатыр. Саябақтар ашылып жатыр.
Екі жарым мыңдай тұрғыны бар Жаушықұмда отыз жылдан кейін саябақ ашылды. Жастар да, жеткіншіктер де осында қыдырып, спортпен шұғылдана алады. Көше бойынан ойын алаңшалары салынып, жарықшамдар орнатылуда.Аауыл әкімі тек көркейту жұмыстарымен айналыспай, мұқтаждар мен тұрмысы төмендерге қолғабыс етуді де ұмытпайды.
Ауылды дамытуға кәсіпкерлерді де тартудың арқасында жекеменшік балабақша ашылды. Бүлдіршіндер осы жерде тәрбиеленіп жатыр. Жүз сәбиге шақталған бақшаға сексенге тарта бала барып жүр.
Алмагүл Әліқұлова, жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы:
Осы ауылдан балабақша ашайын деп әкімге барған едім, ол кісі сіздер сияқты кәсіпкерлер ашам десе жер беруге дайынмын деп, маған қолғабыс жасап, осы жерді алып берді.
Әкімдік ғимараты да күрделі жөндеуден өткен. Тұрғындарға «ашық әкімдік» жүйесі арқылы қызмет көрсетіледі. Ашықтыққа ауыл халқы да үйреніп қалған. Түркістан облысындағы үздік ауыл әкімі деп танылған Нұрбақыт Нұрсейітов жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді.
Нұрбақыт Нұрсейітов, Жаушықұм ауылының әкімі:
Сағатпен санаспай жұмыс істейтін кездер болады.Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау, ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстармен танысу. Істеймін деген әкімге жұмыс көп.
Жас әкім Жаушықұмда жұмыс орындарын көптеп ашуға күш салып жатыр. Осылайша, тұрғындар таңдаған әкіміне талап қойып, жылдар бойы қордалаған жұмыстар қолға алынғанына риза. Айта кетейік, өткен жылы елімізде 730 ауылдың әкімі сайланған болатын.
Айнұр Ақбаева