Жарлыөзек ауылының әкімі тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын арнайы жоба құрастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарлыөзек ауылының әкімі тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын арнайы жоба құрастырды

02.09.2022

Жетісу облысы Жарлыөзек ауылының әкімі Самат Ихсанов өңірдің үздік ауыл әкімі байқауында жеңімпаз атанды. Былтыр ауыл әкімдерінің сайлауына қатысып, тұрғындардың басым дауысына ие болған ол бір жылда елдімекеннің еңсесін тіктеп, көшелерін абаттандырып, әр шаңырақтың әл-ауқатын арттыратын арнайы жоба құрастырды.

Самат Ихсанов – осы ауылдың түлегі. Халық әкімін, әкім әрбір тұрғынын жақсы таниды. Сондықтан да болар өткен жылы сайлауға қатысқанда Жарлыөзек тұрғындарының 98 пайызы дерлік осы азаматқа дауыс берген. Таныс-тамырлық емес, елдімекеннің барлық мәселесін ішінен біледі, шешеді деген үмітпен таңдаған.

Дәрібай Байжұманов, ауыл тұрғыны:

Халықтың сенімінен шыққаннан кейін халық басқа адамды сайламайды ғой. Біледі, қолынан іс келеді, Жаңа Қазақстан кезінде жаңаша жұмыс жасайтын жастардың бірі деп халық соған сенім артып отыр.

Округте 3 мыңдай халық, 500-ден астам түтін бар. Жері шұрайлы, топырағы құнарлы елдімекен тұрғындары негізінен егіншілікпен айналысады. 270-ке тарта шаруашылық қант қызылшасын, соя мен жүгері егіп нәпақасын тауып отыр. Кей ауылдағы ағайын қалаға көшіп жатқанда Жарлыөзекте үйлер салынып, шаһардың шуынан ауылдың нуына оралғандар көп.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жарлыөзек ауылының әр шаңырағында осындай жайнаған бау-бақша, қосалқы шаруашылық бар. Елдімекен жағдайын жақсы білген ауыл әкімі байқауға қатысқанда омарта шаруашылығын дамыту ұтымды жоба деп дәлелдеп берді.

Бал өндірісін бастаймын дегендерге қазір мемлекет 2 млн теңгеге дейін грант береді. Әкім бұл шығынды жарты жылда қайтаруға болатынын есептеп шығарды.

Самат Ихсанов, Жарлыөзек ауылының әкімі:

Әр үй болмаса да, бес үй сайын қоятын болса, бұл кәдімгідей елдің әл-ауқатын көтеріп, бал өнімдерін көбейтеді. Қазір өздеріңіз білесіздер, балдың бағасы қымбат. Сондықтан осы бал өнімдерінен шығатын заттарды азайтуға, арзандатуға келетін жағдай деп есептеймін.

Жетісу өңірінен үздік шыққан әкім енді республикалық додада бақ сынамақ.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу