Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында бөлшек және көтерме сауда нарығы бақыланбайды, ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей жеткізу бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Аталған фактілер барлық өңірлерге тән.
Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
«Тиісті деңгейде ұйымдастыру болмағандықтан квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады. Ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да бұған әсер етті. Жұмысқа атүсті қарау немесе орындамау жалғаса беретін болса, өңірлер мен министрліктер бойынша кадрлық шешімдер қабылдаймыз», — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов жанар-жағармаймен мәселесін талқылау барысында Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге мұнай өнімдерін жеткізуде үйлесімділік жоқ екендігін атап өтті.
«Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген», — деді Әлихан Смайылов.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының салғырттығынан жер қойнауын пайдалануға құқығы жоқ жеке компаниялар мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеп, кейін ол жоғары бағамен сатылып отырған.
«Аталған фактілердің барлығы өңірлерде дизель отынының жасанды тапшылығына және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов егін егу және жинау науқаны кезінде жанар-жағармай тасымалдау үшін теміржол тарифтерін төмендету мәселесін қарауды, сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне және мұнай өнімдерінің сыртқа тасымалдануына жол бермеу үшін мұнай базалары мен жанармай құю станцияларына бақылау жасау жөнінде комиссиялар құруды тапсырды.