Үкіметте жолдауды іске асырудың ұлттық жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте жолдауды іске асырудың ұлттық жоспары бекітілді

06.09.2022

Бүгін балалардың арнайы шотына Ұлттық қордан қашаннан бастап қаржы аударылатыны белгілі болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент жолдауын іске асырудың жоспарын бекіту кезінде айтылды. Маңызды стратегиялық құжат ел экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруы тиіс. Ондағы іс-шаралар жоспары қалай іске аспақ?

Президент жолдауындағы маңызды міндеттердің іске асуын жұрттың асыға күтіп жүргені анық. Соның бірі «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасы. Көпті елең еткізген бастама қашаннан бастап жүзеге асатыны белгілі болды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз «Ұлттық қор-балаларға» жобасын іске қосу жоспарлануда.Сонымен қатар, жыл сайын «Самұрық-Қазына» қорының таза кірісінің кемінде 7 проценті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылатын болады. Тиісті құжатты жыл соңына дейін қабылдау көзделуде.

Министрінің айтуынша балалардың арнайы шотына ақша жылына бір рет доллармен аударылып отырады. Туғаннан бастап 18-ге дейін шамамен 3 мың доллар жиналуы тиіс. Әрине, бұған дейін айтылғандай қаржыны ұл-қыздар кәмілет жасына толған соң, оқуға не баспана алуға жұмсай алады. Бұдан бөлек, жөргекпұлды бір жарым жасқа дейін төлеу үшін тиісті заңнамалаларға өзгеріс әзірленіп жатыр. Әрі Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу үшін ата заңға да түзетулер енгізілмек. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыруға 2028 жылға дейін мараторий жарияланбақ. Тағы бір мәселе - үш ауысымды және апатты мектептер. Жауыр болған проблема бірнеше жылда толық шешілуі тиіс.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасының шеңберінде 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Денсаулық сақтау саласында еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленуде.

Үкімет Президент жолдауын 6 бағыт бойынша іске асыруды көздеп отыр. Жаңа экономикалық саясаттан бастап сайлау процестері бағытына дейін 103 іс-шара қамтылған. Оны жүзеге асыруға қанша қаржы жұмсалатыны әзірге есептеліп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жоспарда бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру бюджет процестерін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты халық пен бизнес үшін өзекті проблемаларды шешу көзделген.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу